Өртенген көліктен төрт адамды құтқарып қалған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Өртенген көліктен төрт адамды құтқарып қалған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Фото: massaget.kz коллажы

13 қыркүйек күні Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында екі көліктің соқтығысуы салдарынан болған жол апатынан бір отбасының төрт мүшесін аман алып қалған Мәди Әлиевтің есімі желіде тарады. «Массагет» тілшісі көпшілік қаһарманына айналған азаматтан аталмыш жайт туралы сұрап білді.

Мәди Әлиев – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көкжелек ауылының тумасы. 1979 жылы туған азамат орманшы болып қызмет атқарады.

Оқиға осыдан төрт күн бұрын Шу-Мойынқұм трассасында орын алған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан Audi жеңіл көлігі қарсы бағыттағы Газель көлігімен соқтығысып, жол жиегіне шығып кеткен. Мәди Әлиевтің айтуынша, ол жұбайы екеуі Ауди көлігінің артында келе жатқан:

«Көз алдымда болған оқиға. Қарсы бағытта келе жатқан Газельмен соқтығысқан алдымдағы Ауди көлігі соққыдан кейін өртке оранды. Өзіміздің ауылдың танитын адамдары еді. Бірден көлікті тоқтатып, жалын шарпыған көліктен адамдарды аман алып қалғым келді. Барлығы «өртенесің», «қазір көлік жарылады, жақындама» деп айғайға салып, бәйек қақты. Ойымда ештеңе болмады. Тек көліктегі таныстарымды тез алып шыққым келді. Көлікте жүргізуші, ата-анасы және екі баласы болған еді. Өкініштісі, отанасы жарылыс кесірінен бірден жан тапсырған екен. Үлгере алмадым. Әкесі мен екі баласын, жүргізушіні өртеніп жатқан көліктен алып шықтым», – деді ол.

Жағдайға қатысты ресми деректер аталмады.

Қаза тапқан әйел алты баланың анасы екені айтылды. Жол апаты кезінде көлікте 1,5 жасар баласы және туылғанына он күн ғана болған шақалақ болған. Олар бірден медициналық мекемеге жеткізілді. Жағдайлары қалыпты. 

Бейбіт күннің қаһарманына айналған азамат жайлы блогер Оңғар Қабден желіде жазба жариялады. Онда ол Мәдидің ерлігі еленбей қалмаса екен деген ниетін жеткізді:

"Басқалары сияқты Мәди Әлиев те көлік жарылады деп қарап тұрса, көлік ішіндегі 5 адам да жарылған көлікпен бірге кетер еді. Көкжелек ауылының тұрғындары өздерінің азаматы, орманшы Мәди Әлиевтің ерлігіне сай марапатталса дейді. Жанып жатқан көліктен бес адамды алып шыққан жерлестері қандай марапатқа да лайық деп санайды. Шынымен де бейбіт күннің батырын неге марапаттамасқа? Неге мақтанбасқа?" – деп жазды ол Facebook-тегі жазбасында

 

 

Д. Литпин