Нокиа компаниясының жуық жылдардан бері орасан зор құлдырауға бет алғаны белгілі еді. Тіпті кейбір сарапшылар атаулы марканың дәуірі аяқталды деп болжам да жасап қойған. Қалай деген күнде де телефон саласында ең сапалы марка осы Нокиаға тәуелді еді. Оның құздан құлағандай құлдырауына iPhone және Samsung телефондарының күшті бәсекелестігі себеп болды.
Дегенмен, Нокиа маркасынан үмітін үзе қоймаған тұтынушылар үшін алда тағы көптеген жаңалықтар бар. Өткен жазда бұл компания Lumia типті телефондарды сатылымға шығаратынын айтқан. Жуырда осы типті телефонның белгісі ретінде Nokia EOS телефонын сатылымға шығаратын болады.
Бұл телефонның ең негізгі ерекшелігі – өте жоғары деңгейдегі суретке түсіру құрылғысы болмақ, яғни, бұрын-соңды болмаған 41MP. Бұдан басқа бұрынғыдай-ақ сапа мәселесі ең басты орында тұрады. Мұны бұрынғы Lumia920 телефонының дамытылған нұсқасы деп айтуға әбден болады.
Жуырда компания өкілдері тілшілермен болған сұхбатта алдағы уақытта әртүрлі планшеттер жариялайтынын айтқан.
Финляндия радио-телевизия мекемесі жуырда Нокиа компаниясының ең жаңа экономикалық хал-ахуалын жариялаған болатын. Біраз жылдардан бері құлдырауға бет алған компанияның 2012 жылдың соңғы мезгіліндегі экономикалық пайдасы 440 миллион евро болған. Ал 2011 жылы бұл санды мәлімет керісінше 954 миллион евроға құлдыраған болатын. 2011 жыл бұл компания үшін ең жайсыз мезгіл болып, жалпы өнім құны 10 миллиард евродан 8 миллиард евроға құлдырап кеткен еді.
Демек, 2012 жылдың соңынан бастап әйгілі компания құлдыраудан өсуге қарай көшті деген сөз. Алда әлі жарияланбаған қаншама техникалық құрылғылар бар. Нокиа компаниясы үшін бүкіл әлем тұтынушыларының сенімін ақтау 2013 жылдың еншісінде.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: thenokiablog.com