- Негізгі бет
- Шолу
- Неге жасанды сана...
Неге жасанды сана адам баласы үшін қауіпті?
Жасанды сана — адам баласының ағымдағы онжылдықта дамытып жатқан ең маңызды технологиясы. Бұл адамзат үшін қауіп емес, керісінше — үлкен мүмкіндік. Сонымен жасанды сана дегеніміз не? Оның мүмкіндіктері адам өмірін өзгерте ме әлде құрдымға кетіре ме?
Жалпы ұғымда, жасанды сана — сіздің сұрағыңызды ұғып, оған нақты жауап іздеуге негізделген компьютер. Ол сіз үшін ауқымды ақпаратты өңдеп, шешім қабылдауыңызға демеу болады. iPhone смартфонындағы Siri жүйесі және IBM құрастырған Watson суперкомпьютері біз пайымдай алмай жүрген жасанды сананың алғашқы прототиптері болып табылады.
Watson 2011 жылы АҚШ телеарналарының біріндегі Jeopardy! шоуында жеңімпаз атанғалы белгілі бола бастады. Ал қазіргі кезде қатерлі ісікті емдеуде дәрігердің сенімді көмекшісі қызметін атқарып келеді.
Apple бағдарламалаған Siri жүйесі қажет кезде кеңес беріп, көңіл-күйіңізді ескере әзіл айтып та отырады. Дегенмен, бұлар жасанды сананың ең алғашқы және осал нұсқалары. Ал келесі 10 жылда қолданылатын жасанды саналар «Темір адам» фильміндегі JARVIS жүйесіне ұқсас болады. Расымен ондай құрылғы тек Тони Старкта ғана болмайды.
Бүгінде Алматыдағы смартфоны бар жасөспірім мен Манхэттендегі миллиардер Google іздеу платформасы арқылы бірдей ақпаратқа қол жеткізе алады. Болашақта да жасанды сана кез келген адамның денсаулық сақтау немесе коммерциялық кеңестер алу қызметтерін пайдалануына мүмкіндік жаратады. Жасанды сана сіздің дәрігеріңіз, қаржы саласындағы кеңесшісіңіз, сіздің және балаларыңыздың мұғалімі, кәсіби дизайнеріңіз, тіпті аспазшыңыз бола алады. Және мұның бәрі тегін қызмет үлгісі болмақ.
Жасанды сана неге қауіпті болуы мүмкін?
Адам баласы жаңа технологияның инновациялық өніміне сыни көзқараспен қарайды. Себебі біздің санамыз жасанды санаға қатыста тек негативті оймен шектелген. Ал осындай ойдың қалыптасуына "Матрица" кинокартинасынан басталған жасанды сана туралы голливудтық фильмдер септігін тигізуде.
1980-жылдары белгісіз ферменттің әсерінен ДНҚ тізбегінің бөлінуі байқалады. Бұл генетикалық инженерияның дамуына алып келеді. Бірнеше тәжірибелік зерттеулерден кейін биологтар, дәрігерлер, тіпті заңгерлер Асиломар (Калифорния, АҚШ) конференциясында бас қосып, рекомбинантты ДНҚ (әртүрлі молекулалардың ауысуы арқылы генетикалық кодтың өзгеруі) мәселелсін алға тартады. Расында адамның табиғи генетикалық болмысын биотехнологияның көмегімен өзгерту мүмкіндігі бар болып шығады.
Бұл идеологиялық принциптер кейінгі 30 жыл бойы адам санасын тәрік етпей, жаңа зерттеулер жаңа ашуларға алып келеді. Зерттеу нәтижелері әскери күштерде де қызығушылық оята бастайды. Айта кетсек, әртүрлі молекулалардың біріктірілуінен құрылған әсбебап ДНҚ тізбегінің көмегімен бірегей әскер (суперәскер, клон) жасақтауға болатын еді. Сонымен қатар, ғалымдар 1997 жылы тіпті Эйнштейннің генін туылмаған сәбидің ДНҚ тізбегіне енгізбек болады. Дегенмен тәжірибе сәтсіз аяқталады.
Сәтсіз тәжірибе ғалымдардың ойын өзгерте қоймайтыны белгілі. ДНҚ синтезінің дамуына сол кезеңнің технологиялық мүмкіндігі қауқарсыз болатын. Жасанды сананың адам өміріне алып келетін пайдасы мол болатынына сенетін апологеттердің бірі Рэй Курцвейл пікірі де ойға қонымды:
«Жасанды сана адам өмірін дамуына алып келетін негізгі инновациялық технологиялардың бірі болмақ. Тек бұл үдеріс бір орталыққа бағынбауы тиіс. Нақтырақ айтар болсақ, оның басқару орталықтары әр аймақта әртүрлі адамдар арқылы жүзеге асырылғаны жөн. Сол кезде ғана әлемде тепе-теңдік тұрақты орнап, адам баласының тыныш өмірі жалғасады»
Бір сөзбен айтқанда, адам жасанды санамен бірге дамитын болса, технологиялық өріс шексіздікке кетеді. Олардың біздің қоғамға бейімделіп жатқанын қазіргі өмірден байқауға болады.
Ал сіз жасанды сананы адам өмірі үшін қауіпті деп ойлайсыз ба?
Ж. Өрісбай