- Негізгі бет
- Шолу
- Мөлдір Сүлейменова: «Ең...
Мөлдір Сүлейменова: «Ең бастысы – жас аналар арасындағы сауатсыздық жойылса екен деймін»
Google Play Market және App Store қосымшалар дүкенінде «Мен анамын» атты болашақ аналарға арналған пайдалы қосымша тегін таратылуда. Екі ай бұрын пайда болған бағдарлама осы күнге дейін 38569 рет жүктеліп алынған. Белгілі болғандай, бұл бағдарлама Сүлеймен Демирел атындағы университеттің биылғы түлегі Мөлдір Сүлейменованың дипломдық жұмысы екен. Қазақ ұлтына пайдалы дүние жасаған автормен таныс бола жүріңіз.
- Мөлдір, мұндай бағдарлама жасау ойыңызға қайдан келді?
- Мен өзім Сүлеймен Демирел университетін биыл бітірдім. Мамандығым – бағдарламашы (программист). Әрбір студенттің соңғы курстағы міндеттерінің бірі дипломдық жоба жасау. Менің тақырыбым Android құрылғыларына арналған бір пайдалы программа жасауға арналды. Көпке дейін қандай қосымша жасасам екен деп ойлап жүрдім. Соңында дипломдық жетекшіме барып, сол кісіден кеңесімді сұрадым. Ол кісі болашақ аналарға пайдасы тиетін бағдарлама жасауды ұсынды. Онымен қоса, көп құрбыларым да тұрмысқа шығып, соларға арнап жасап шығарған дүнием.
- Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз, қай мектепті бітірдіңіз?
– Мен екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласының тумасымын. №45 Бауыржан Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының түлегімін. Мектеп кезінен бастап ағаларым оқудан үйге демалысқа келгенде бір жаңа дүние жасап жатқандарын көретінмін. Олардың мамандықтары – бағдарламашы. Соларға қарап, қызығушы едім. Сөйтіп олар сияқты программист болуды қалап, еліміздегі "Есептік техника және бағдарламамен қамтамасыз ету" жағынан үздік жоғары оқу орындарының бірі – Сүлеймен Демирел университетіне түстім.
- Дипломыңызды сәтті қорғаған сияқтысыз...
- Иә, дипломдық жобамнан 100-ден 95 деген ұпаймен бағаландым. Әрі осы жобам университетіміздегі ең үздік дипломдық жобалардың бірі болып танылды. Ең үздік жоба байқауында 3-орын алдым. Осылайша «Best Diploma Project» куәлігімен марапатталдым. Бағдарламаны интернетке салғаныма 2 айдай болды, осынша аз уақыттың ішінде 38569 адам өз ұялы телефонына жүктеп алған.
- Бағдарламада байқағаным, жүктілікке байланысты қазақша материалдар қолданылған, соларды қайдан жинақтадыңыз? Кім көмектесті?
- Бағдарламаға қажетті материалдарды қазақстандық сайттардан және көбін орысша кітаптардан қазақшаға аудардым. Тақырыптар таңдауда құрбыларым, жетекшім көмектесті.
- Бұл бағдарламаны қандай да бір қосымшаның негізінде жасадыңыз ба? Әлде толықтай концепциясы өзіңізден болды ма?
- Жалпы интерфейсін Play markette-гі бір шетелдік бағдарламаға қарап жасағанмын.
- Бағдарламаны жетілдіру ойда бар ма? Кейбір тетіктері әлі де жетілдіруді талап етеді екен...
- Бағдарламаны жасау барысында интернетке саламын деген ой басында болмаған. Жұмысым тәмәмдала бастағанда, дипломдық жетекшімім Нүсіпбеков Абай бұл жақсы, толыққанды бағдарлама екенін айтып, Google Play-ға салуыма кеңес берді. Бағдарламаны жетілдіру ойда бар. Бірақ ақысыз күйінде қала береді. Себебі бұл болашақ аналар үшін жасалған бағдарлама. Ең бастысы жас аналар арасындағы болатын сауатсыздық жойылса екен деймін. Бағдарламаны қолданушылардың ыстық лебіздерін, алғыстарын оқыған кезде болашақта да басқа да пайдалы бағдарламалар жасағым келеді.
- Қазір немен айналысып жатырсыз? Жұмыс іздеуде мәселе туындамаған шығар...
- Қазір ораза уақыты болғандықтан, өз үйім Таразда, отбасымның жанындамын. Үйде құр жатпай, бағдарламалаудан кітаптар оқып, білімімді шыңдап жатырмын. Себебі жаңа бағдарламар ойлап табу – білімді, ізденісті қажет етеді. Жұмысты Алла бұйыртса ораза біткен соң, Алматыға барып іздестірермін.
Сурет: Мөлдір Сүлейменованың жеке мұрағатынан
Сұқбаттасқан: Диана Мамытбекова
A. Mustafina