Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың басты міндетін түсіндірді, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
"Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет. Бұл - Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын.
Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту
Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл - стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Кейінгі үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды.
Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз", - деді Мемлекет басшысы.