Curiosity марсоходы Қызыл ғаламшардағы Кимберли аталған аймақтан жұмбақ құбылысты суретке түсіріп алған. Дәлірек айтсақ, осы айдың басына қарай жасалған фотосуретте марстық жоталар арасында жердің астынан шығып тұрған тәрізді жарық бейнеленген. Бұл хабарды жаһанға Fox News телеарнасы хабарлады.
Әзірге ғалымдар бұл табиғи құбылыстың сырын түсіндіре алмай отыр. Болжам бойынша, Марс кезбесінде орналасқан камера объективіне сол аймақтағы жылтыр тастан шағылысқан күн сәулесі түсіп қалған болуы мүмкін. Ал тағы бір болжамда бұл жұмбақтың шешуі камера объективіне түскен сол күн сәулесінің бейнесі болуы ықтимал екендігі айтылады. Пасадендегі (Калифорния штаты) реактивті қозғалыс зертханасының сарапшысы Джастин Макидің сөзінше, осыған ұқсас құбылыс осыған дейін де кездескен екен.
Сондай-ақ фотосуреттегі жарық көзі Марс бетінде көптеп туындайтын және де ерекше ашық түсті болып келетін құйын болуы да ғажайып емес.
Ал уфологтар (белгісіз ұшу объектілерін зерттеуші мамандар) болса, аталған фотосурет Марс бетінде тіршілік иелерінің бар екендігіне дәлел бола алатынын айтады. Солардың бірі уфолог Скот Уоринг (Scott Waring) былай дейді: «Бұл күннің сәулесі немесе құйынға мүлдем ұқсамайды. Марста біз сияқты жарықты пайдаланатын ақыл иелері өмір сүретіні еш күмән тудырмайды».
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: © NASA