- Негізгі бет
- Шолу
- Марста тағы бір...
Марста тағы бір тесік пайда болды
Curiosity Марс кезбесі осымен екінші мәрте Қызыл ғаламшар бетін тесіп, топырақ үлгілерін алды. Бұл туралы НАСА ресми ақпарат таратты.
Бүгін жарияланған ресми ақпаратта: "Құрылғының осы жолғы жұмысы да өткен жолғыға ұқсайды",-делінген. Аппарат көмегімен жасалған тесік параметрлері, оның ішінде ені мен тереңдігі, сондай-ақ Curiosity-дің басқа да жақтары жөнінде әзірге нақты ақпарат жоқ.
Айта кетейік, аппарат алғаш рет Марс бетін биылғы жылдың ақпан айында тесіп көрген еді. Ол жолы да Curiosity ғаламшар бетіндегі топырақтың үлгілерін алған болатын. Сол кезде арнайы құрал марстық топырақты 6,4 сантиметрге дейін тескен болатын. Ал тесіктің ені 1,6 сантиметрді құрады. НАСА ғалымдары марсоходтың осы жетістігін тарихи деп бағалан еді.
Естеріңізге салсақ, Curiosity ("қызығушылық", "құмарлық") Марсқа 2012 жылы тамыз айында келіп қонып, содан бері Гейла кратерінде қызмет етіп жүр. 2013 жылы наурызда аппарат қазып алған топырақ үлгісінің анализі нәтижесінде ғалымдар "ежелгі Марс адам өміріне қолайлы болған" деген қорытындыға келген еді. Бұл туралы зерттеушілер Вашингтонда өткен баспасөз маслихатында мәлімдеді. Бұл дегеніміз аппарат өзінің миссиясын толығымен орындады деген сөз. Алайда зерттеушілер оның мүмкіндігін әлі де пайдаланбақшы.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Б. Қосмағамбет