Осыдан біраз уақыт бұрын көпшілікке таныстырылған Mars One (бір бағытқа арналған сапар) жобасының ұйымдастырушылары бірінші тур қорытындысы бойынша 1058 адамды таңдап алды.
Миссияға қатысушылардың алғашқы тобы тілек білдірілген 200 мыңнан аса ұсыныс ішінен іріктеліп алынып отыр. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі Бас Лансдорптың сөзінше, іріктеуден іркілмей өткен үміткерлер Қызыл ғаламшарды мекен еткісі келетін алғашқы тұрғындар болып саналады.
«Біздің мақсатымыз бұл миссияны қияли деп санайтын адамдардың арасынан Марсқа ұшып барып, сол жерде мәңгілікке қалуды шешкен адамдардың арасынан физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын үміткерлерді таңдап алу»,-делінген мәлімдемеде.
Іріктеуден өткендердің көпшілігі (297 адам) АҚШ елінің азаматтары екен. Екінші орында канадалықтар – 75 адам, үшінші орын Үндістанға тиесілі – 62. Ресейден 52 адам өтініш берсе, Қазақстаннан «Қызыл ғаламшарға барғым келеді» деп төрт адам (үш жігіт және бір қыз бала) тілек білдірген екен. Айта кететін бір қызық жәйт, үш жігіттің арасында «Массагет» порталының бір қызметкері бар болып шықты. Бірақ үміткердің есімін жарияламауды жөн көріп отырмыз. Алайда олардың ешқайсысы да алғашқы турдан өтпегені белгілі болып отыр.
Ендігі болатын турлар бірнеше кезеңнен тұратын болады. Бірінші кезекте, ұйымдастырушылар үміткерлердің физикалық және психологиялық мүмкіндіктерін барынша сынамақ.
Mars One жобасы Марсқа алғашқы қоныстанушыларды 2023 жылы алып барады деп күтілуде. Жобаның ақырғы қатысушылары болып байқау аяқталғаннан кейін төрт адам іріктеліп алынбақ. Ал олар өз кезегінде ерікті түрде өмірінің соңына дейін Марста қалуы тиіс. Тіпті осыған байланысты жеңімпаздар мен жобаны ұйымдастырушы компания арасында арнайы келісімшарт жасалатын көрінеді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: theargonauts.com