Осымен бірнеше күн болды, Қызыл ғаламшар бетін зерттеуге аттанған Curiosity Марс кезбесі Жерден берілген бұйрықтарға ешқандай жауап қатпай отыр. Оған себеп - аппарат ішіндегі негізгі компьютердің істен шығуы. Мамандар қазіргі кезде резервтегі компьютерді қалыпқа келтіріп, соның көмегімен аппаратты қалпына келтіруге талпынып жатыр.
Мамандардың сөзінше, орын алған ақау флеш-жадта болуы мүмкін. Mars Science Laboratory жобасының жетекшісі Ричард Кук: "Біз стандартты баптауларды қалпына келтіру үшін негізгі компьютерді қайтадан "жүктедік",-дейді.
Жалпы құны 2,5 миллиард доллар тұратын аппараттағы қиындықтар 28 ақпан күні орын алған еді. Осыған дейін, ақауды жөндеуге бағытталған мамандар әрекетінің барлығы сәтсіз аяқталды. Бірақ, NASA өкілдері "аппарат жұмысы жақын күндері толық бақылауға алынады" дегенді айтады.
Естеріңізге салсақ, Curiosity Марс бетіне 2012 жылдың 6 тамызында қонған еді. Ол онда екі жылдай уақыт өткізіп, осы аралықта марстық су мен топырақтарды зерттеп, болашақта ғаламшар бетіне аттанатын сапарға дайындық шараларын жасайды деп жоспарланған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: agregator.pro