Қызылордада 12-14 жастағы жасөпірімдер екінші сынып оқушысын зорлап келген. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Facebook-парақшасында жазды, - деп хабарлайды "Массагет".
Құқық қорғаушы Дина Таңсәрінің айтуынша, "НеМолчиKz" қорына хабарласқан ер адам екінші сыныпқа енді ғана қадам басқан туысын 12-14 жас аралығындағы бір топ жеткіншек бір жыл бойы зорлап келгенін айтқан.
"Анасы бұл сұмдық оқиға туралы кездейсоқ білген. Ол үлкен ұлы (жәбірленуші, 8 жаста) інісін (кішісі 6 жаста) жыныстық әрекеттерге мәжбүрлегенін естіп қалған. Анасы бірден бұл туралы қайдан білгенін, оны кім үйреткенін сұраған. Бала жылап, бәрін айтып берген. Бәрі биыл 6 мамырда белгілі болған.
Бала ойнауға шыққанда, оны жоғары сынып оқушылары ескі ғимаратқа апарып, сол жерде әдепсіз әрекеттер жасауға мәжбүрлеген. Олар басқа мектептің балалары. Жәбірленуші бала бәрінің аты-жөні мен қайда тұратынын біледі", - дейді белсенді.
Осыдан кейін жәбірленушінің ата-анасы балалардың үйіне барған. Олардың бірі бәрінің көзінше кінәсін мойындаған. Бірақ күдіктілердің жасына байланысты іс 24 сағат ішінде жабылған.
"Мой ГОРОД" басылымы Қызылорда ПД баспасөз қызметінің оқиғаға қатысты пікірін жазды. ПД мәліметінше, дерек тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында.