Желіде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың видеосы тараған еді. Онда әкім сұрақ қоймақ болған журналистерден қашып бара жатқанын көруге болады. Шенеунік бұл жағдайға қатысты Facebook-парақшасында пікір білдірді, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
"Бүгін Парламент Мәжілісіндегі тыңдауға қатыстым. Жиын аяқталардан 15-20 минут бұрын сұранып, келесі іскерлік кездесуіме асығыс шығып кеттім. Маған бетпе-бет ешқандай журналист тікелей қаратып сұрақ қойған жоқ. Алайда баспалдақта менен өзге де адамдар болғандықтан, артымнан атымды немесе қызметімді атап қойылған сауалды естімегеннен кейін, кешігіп бара жатқан кездесуіме жылдам жүре бердім. Кейінгі уақытта бірқатар әлеуметтік желіде менің ескі 2016 жылғы суретімде көрсетілген сағатқа қатысты журналистер тарапынан қызығушылық туындаған секілді. Негізінен бұл сағатты ертеректе алғанмын. Менің мемлекеттік қызметке дейін 10 жылға жуық бизнес саласында жүргенімді өмірбаянымнан көре аласыздар. Сондықтан бұл мәселеде жасырын ештеңе жоқ деп ойлаймын және әрдайым БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап беруге дайынмын", - деді облыс әкімі.