Қыз-келіншектердің көлігінде...

Қыз-келіншектердің іздеген заттың көбі табылатын сөмкесі ер адамдар үшін әдемі қалжыңға айналғаны рас. Бірақ жігіттер қыздардың автокөлігінің қобдишасында нелердің барынан мүлде хабарсыз. Сол құпияны біз ашайық, ендеше.

Киім-кешек

Қыз-келіншектердің көбі бүгінде көліктеріне бір қысқа көйлек пен биік өкшелі туфли салып алады. Оның сыры мынада: Егер оны табан астында бір отырысқа не маңызды бір кешке шақырып қалса, бірақ өзі үйге барып киініп шығуға үлгермей жатса, қайтпек? Сондықтан «болашағын» ойлаған бойжеткен тіпті көлік ішін де гардеороб қылып жібереді.

Дәрі қобдиша

Әрине, дәрілердің түр-түрі мен алғашқы көмек көрсетуге арналған заттар салынған қобдиша барлық автокөлікте болуға тиісті. Әйткенмен, ер адамдар оны тек МАИ қызметкерлерінің «бәле іздемеуі» үшін ғана көліктен тастамайды. Бір нәрсе бола қалса, көлігінде мұндай дәріге арналған қобдишаның барын да ұмытып кететін ер адамдарды бұл тұрғыда әйелдер қауымы басып озып тұр. Әйелдерге дәрілік қобдиша МАИ қызметкерін тыныштаныдыру үшін ғана емес, өзін де тыныштандыру үшін керек. Қыз-келіншектердің көлігіндегі дәрілік қобдишалар үнемі қолданыста болады. Өйткені әйелдер қауымының көп бөлігі сәл басы ауырса да, жүйкесі сыр берсе де, осы дәрілік қобдишаның алғашқы көмегіне жүгінеді.

Құжаттардың көшірмесі

Қыз-келіншектер көлігінде кейде бүкіл құжаттарының көшірмесін де ала жүреді. Кім біледі, табан астында бір жерге соғып, әлдеқандай бір істі жасау үшін құжат керек болып қалуы мүмкін. Кей орындарға оның көшірмесі де жарай береді. Әрине, автокөлікте құжаттардың түпнұсқасын ала жүру қауіптілеу.

Тәттілер

Әйелдер қауымы тәттіге құмар екендігін сіз де мойындайтын шығарсыз? Олардың көліктері кейде кондитерлік дүкенге ұқсап кететіндігі содан болар. «Кейін жеймін» деп ала берген тәттілерін көлікке әкеп қоя салады. Әйелдердің көлігін тінтігенде түрлі-түрлі тәттілермен ұшырасып қалғанда, таңданбағайсыз.

Ұялы телефонға арналған қуаттағыш

Қыз-келіншектердің телефоны күні бойы жұмыста не үйде қуатталып тұрса да, олар көлікте де мұндай қуаттағыштың тағы біреуі болғанын дұрыс көреді. Олар барлық жағдайға дайын жүретін болғандықтан, осы бір қарапайым затты да естен шығармайды.

Кеңселік заттар

Көлікте біреумен телефонмен сөйлесіп отырып, әлдекімнің нөмірін жазып алғыңыз келді ме? Қобдишаны ашыңыз, сонда қалам да қағаз да бар.

Визиткалар

Визиткасыз да болмайды! Көлікпен жүретін көптеген қыз-келіншетер қайда жүрсе де өздерімен бірге визиткаларын ала жүреді. «Оның керегі болмайды» деп көріңіз енді... Айтпақшы, кейде арасында өзінің ғана емес, өзгелерден жинаған визиткалар да төбе көрсетіп қалады. 

CD-дисктер мен әндер жиналған флешка


Егер әйелдердің көлігінде отырғанда қойылып тұрған әндерден жалықсыңыз, оған қандай ән тыңдағыңыз келетінін айтыңыз. Сонда ол қобдишасынан қатар-қатар тізілген CD-дисктердің арасынан біреуіне саусағын нұсқаса, мүлде таң қалмаңыз.

Күнге қарсы көзілдірік

Басқа кезде онша қажеттілігі туындамаса да, автокөлік жүргізіп келе жатқан адамға күнге қарсы көзілдіріктің керегі бар. Сондықтан «әйелдер қауымының көлігінде күнге қарсы көзілдірік болмайтын шығар» деген күдігіңізбен қоштаса беріңіз. Тіпті оларда күнге қарсы тұрмақ, жүргізушіге арналған арнайы көзілдірік болса да таңданбай-ақ қойғаныңыз жөн.

Дымқыл сулық

Сұлулардан сулықтың түр-түрін кездестіруге болады. Қол сүртуге арналған, бояу сүртуге арналған, бетті жұмсартатын сулық деп жалғасып кете береді. Айтпақшы, көліктің айнасын сүртетін бөлек, көліктің терезесі мен алдын сүртетін бөлек-бөлек сулықтардың барын айтуды ұмытып барады екенмін.

Тіс щеткасы

Тіс щеткасы? Ол да бар ма? Иә, кейде ұзақ жол жүргенде мұның керегі болмайды деп көріңізші?..

Су

Сусыз жүретін көлік жүргізуші қыз-келіншектер аз шығар. Жол кептелісінде тұрғанда немесе дәрі ішерде қажеттілігі туындап қаларын алдын ала білген олардың көліктеріндегі қобдишаларында суды да табуға әбден болады.

Косметика

Кометикасыз бола ма? Әйелдердің таусылмайтын боянатын заттары тек сөмкелерінде ғана емес, көліктерінің қобдишаларында да бар. Керек кезінде жер сипап қалмас үшін олар косметиткалық заттарды қайда да тастамай жүреді. Мүмкін оған табан астында иіс судың немесе опа-далаптың қажеттілігі туындап қалар? Сондайда үйдегі боянатын заттарын құр армандап отыруды қаламайтын қыз-келіншетер мұның да амалын тауыпты. Олардың жұмыста, үйде және көлікте бір-бір иіс суы болатын құпиясын да аша салайын.

Кептірілген жемістер мен тез тамақтануға арналған өнімдер

Ауыр жұмыс күнінен шыққан нәзік жанды әйелдер жол кептелісінде тұрып қалса, аштыққа қалай шыдамақ? Мұндайда асқазанды «алдай» тұру үшін осындай тағамдар көмекке келе қалады. Олар кейде алдын ала дүкенге соғып, қытырлақ нандар немесе аштықтың «көңілін аулай» тұратын түрлі тағамдармен өздерін қамдап алады. Мұнан кейін әйелдердің тиянақтылығына таңданбай көріңіз...

Құлаққап

Ән тыңдағанда немесе әлдекіммен телефонмен сөйлескенде мұның да қажеттілігі туындайды.

Біз қыз-келіншектердің автокөлігіндегі барлық заттарды жазып жатпайық. Көбінде жоғарыдағы дүниелер кездесіп жататыны шындық. Мұны өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар. Әйткенмен, кейбірі бүкіл затты көлікте жинаймын деп тазалық пен жинақылықты «ренжітіп» те алады. Әрине, керек заттың дер кезінде жаныңнан табылғаны жақсы-ақ. Тек олардың бәрі де өз орнымен тұрып, көлік жүргізуге және ішіндегі адамдарға қолайсыздық тудырмаса болғаны...

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: mail.ru