Қытай Ресейден алатын мұнай импортын рекорд деңгейге жеткізді - БАҚ

Қытай Ресейден алатын мұнай импортын рекорд деңгейге жеткізді - БАҚ
Фото: ©REUTERS

Қытай Ресейден алатын шикі мұнай импорты мамырда 55 пайызға артып, рекорд деңгейге жетті, - деп хабарлайды Reuters.

Қытайдың Бас кеден басқармасының деректеріне сәйкес, "Шығыс Сібір - Тынық мұхит" құбыры арқылы жіберілетін жеткізілімді, сонымен қатар, Ресейдің еуропалық және Қиыр Шығыс порттарындағы теңіз жеткізілімін қосқанда, Ресей мұнайының импорты 8,42 миллион тоннаға жуықтаған.

Ресей 19 айлық үзілістен кейін Сауд Арабиясын басып озған. Қытайдың шикі мұнай импорты 2021 жылғы орта есеппен 10,3 миллион баррельмен салыстырғанда, мамырда 12 пайызға артып, 10,8 миллион баррельге жеткен.

Қытайда шикі мұнайға сұраныс COVID-19 шектеуіне және экономиканың құлдырауына байланысты төмендегенімен, жетекші импорттаушылар, соның ішінде Sinopec мұнай өңдеу алпауыты және Zhenhua Oil трейдері Иран мен Венесуэладан келетін санкциялық жеткізілімге қосымша ретінде арзан ресейлік мұнайды сатып алу көлемін арттырған. Бұл оларға Батыс Африка мен Бразилиядан келетін бәсекелес жеткізілімді азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, деректер өткен айда Қытай Ресейден алған сұйытылған табиғи газ (СТГ) импорты шамамен 400 мың тонна болғанын көрсеткен, бұл былтырғы мамырмен салыстырғанда, 56 пайызға артық.

Ж. Қадыржанова