Қытай хакерлері АҚШ-тың жаңа заманғы қаруларын қолды қылды

Қытай хакерлері АҚШ-тың жаңа заманғы қаруларын қолды қылды

АҚШ қорғаныс министрлігі ғылым комитетінің аса құпия саналатын баяндамаларымен танысып шыққан The Washington Post газетінің тілшілері онда көрсетілген 25 (немесе одан да көп) жаңа заманғы, озық технологиялы қарулардың сызбаларын Қытай хакерлері ұрлап кеткенін хабарлады. 

«Resilient Military Systems and the Advanced Cyber Threat» деген тақырыппен жасалған баяндамада АҚШ қорғаныс министрлігінің қазіргі кезде кибершабуылдарға әлсіз екендігі жазылған.  
1
The Washington Post хабарлауынша, Қытай хакерлері құжаттан зымырандарға қарсы THAAD, ЗРК Patriot PAC-3 кешендерінің, Иджис атты кемелерге орнатылатын көпқызметті әскери ақпаратты-басқару жүйесінің, F/A-18 Super Hornet әскери ұшағының, V-22 Osprey конвертопланының, UH-60 Black Hawk тікұшағының сызбаларын қолды қылған. Сондай-ақ олар F-35 әскери ұшағы мен LCS әскери кемесінің сызбаларының да жоғалғанын хабарлады. 

2

АҚШ-қа жасалған бұл шабуылды американдықтар қытайлық "Comment Crew" (немесе "Шанхай тобы") атты Шанхай хакерлер тобынан көріп отыр. Себебі олар осыған дейін де АҚШ-қа бірнеше рет кибершабуыл жасаған еді. Көпшілік оларды "қытайлық барлаушылардың тапсырмасымен жұмыс жасайды" дегенді айтады. 
Осы жылдың басында АҚШ қорғаныс министрлігі өзінің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында осы салада маманданған 900 адамнан тұратын үлкен топты жұмылдырған еді. Орын алған шабуылдан кейін үкімет енді олардың санын 4900 дейін көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді.   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: azh.kz, polit.ru


Б. Қосмағамбет