Өткен аптада Жапонияның астанасы Токио қаласында талай көлікқұмардың арманы болған Ламборгини автокөліктерінің шеруі өтті. Түсі көздің жауын алатын алқызыл Huracan мен 70-тей “ламбо” алаңға арнайы фестиваль үшін алынып отыр. Бұл мереке көлік маркасын ойлап тапқан Ферруччо Ламборгинидің биылғы 100 жылдығы мен аңыз авто “Миураның” 50 жылдық мерейтойы құрметіне ұйымдастырылды. Фестивальде Miura, Countach пен Diablo секілді классикалық ламборгини модельдерінің арасында жарыс өткізілді.
Жалпы, нағыз автокөлікке құмарлар үшін қуат пен көркемдікті бір бойына жиған атақты Ламборгиниді көрмек түгілі, оның түрлі модель атауларының өзі ләззат сыйлайтындай-ақ. Сөйтсек, бұл сеньор Ферруччоның корридоға деген махаббатының нәтижесі екен. Өйткені, Ламборгини барлық атауды осы испандықтардың ерекше өнерімен байланыстырып қойыпты, мысалы, Espada – тореадордың семсері, Diablo – 1869 жылы Мадридте өлтірілген корридаға қатысушы бұқаның аты, Miura – испаниялық ганадерияның аты (корридалық бұқалар дайындаушы ферма). Ал, енді Ламборгинидің капотында жалтырап тұратын алтын бұқаның құпиясы неде екенін түсінген шығарсыздар...
Егер сіз де Ламборгини көркіне тәнті жан болсаңыз, жай ғана Жапониялық шеруде бой көрсеткен сұлуларды тамашалап рахаттаныңыз!