Канадалық Квинс университетінің зерттеушілер тобы телефонға кіріс қоңыраулары мен хабарламалар түскен кезде өз формасын өзгерту арқылы иесіне белгі бере алатын MorePhone атты жаңа смартфон жасап шықты. Телефон осы қасиетінің арқасында басқа ұялы аппараттардан ерекшеленеді. Онда британдық Plastic Logic компаниясының электронды қағаз технологиясы бойынша жасаған жұқа майысқақ дисплейі орнатылған.
Ал дисплей астында телефон формасын өзгерте алатын балқытылған металл қорытпасы жапсырылған. Құрылғы толықтай да немесе үш бұрышынан да майыса алады. Әр бұрышындағы майысу процесі телефон иесіне белгілі бір ақпарат береді. Мысалы, телефонның жоғары оң жақ бұрышы майысса, онда SMS хабарлама келді деген сөз. Ал төменгі оң жақ бұрышы өзгеріке ұшыраса, электронды поштаға хабарлама келгеннің белгісі.
MorePhone құрастырушыларының пікірінше, болашақтағы смартфондар осындай иілгіш формада жасалынбақ екен. Сондай-ақ олар "мофондар" алдағы 5-10 жылда жаппай сатылымға шығады" деген болжамдарын да айтты.
Осы телефонның бір нұсқасы 29-сәуір күні Париждегі ACM CHI 2013 көрмесінде көпшілікке ұсынылатын болады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gadgetblog.ru