Қостанай облысында 20 миллионға салынған бөгет бір жыл өтпей бұзылды

Қостанай облысында 20 миллионға салынған бөгет бір жыл өтпей бұзылды
Фото: Tengrinews

Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғындары жаңадан салынған гидротехникалық құрылысты өздері жөндеуге кіріскен. Ұлы Жыланшық өзеніндегі бөгет бір жылға да шыдамады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Гидротехникалық құрылысты салуға 20 миллион теңге бөлінген, бірақ, тұрғындардың айтуынша, сапасы нашар.

Бөгетті тұрғындардың өздері топырақ пен құм салынған қаптармен жөндей бастады.

"Мұның бәрін қайта жасау керек. Бөгетті кеңейтіп, нығайтпаса болмайды. Кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Өте қауіпті. Жұмысты кім қабылдап алғанын түсіне алмай келеміз", - дейді ауыл тұрғыны Жолдыхан Нермұхамбетұлы.

Бөгет өзінің негізгі функциясынан басқа, ауыл тұрғындары үшін басқа облыстарға жету үшін қажет болды. Жол Қызылорда, Жезқазған және Шымкент қалаларына қарай жүрді.

Жобаға тапсырыс берген - Жангелдин ауданының әкімдігі.  Ал ауыл әкімдігі мердігерлерден жауап күтіп отыр. Ол жаздың аяғына дейін жағдайды реттеуге уәде берді.

"Бөгет әлсіз нығайтылды, сондықтан осындай жағдай болды. Қираған бөгетті бүкіл ауыл болып жөндедік. Негізі, жоба бойынша бөгет жол жүру үшін қарастырылмаған. Тек су деңгейін бақылау үшін қолдануымыз қажет", - деді ауыл әкімі.

М. Жәмішжанов