Көңіл-күйді сезетін бағдарлама жасалды

Көңіл-күйді сезетін бағдарлама жасалды

Ғалымдар сурет арқылы адамның көңіл-күйін анықтайтын бағдарлама жасап шығарды. Авторлардың айтуынша, жаңа өнім қауіпсіздік жүйелері мен әлеуметтік желіллерде пайдаланылуы мүмкін.

Жобаны Канберра қаласында орналасқан Австралия ұлттық университетінің қызметкері Абзинав Дхал жасап шыққан. Бағдарлама суретті сканерлеп, оған белгілі дәрежеде "көңіл-күй ұпайын" береді. Айта кетелік, жоба көпшілік назарына Далласта өткен Multimedia Retrival конференциясында ұсынылды.

"Бағдарламаны жазу кезінде бір топ еріктілерді жинап, тәжірибе жасадым. Машина адам бетіндегі тоғыз нүктенің орналасуын бақылау арқылы алгоритмнің алғышарттарын тауып берді. Жоғарғы нақтылыққа жету үшін сараптамадан өте көп суретті өткіздік", - деді маман.

Сонымен қатар, автор болашақта бағдарламаны жетілдіруді жоспарлап отырғандығын айтты. Оның айтуынша, бұдан соң ол бір мезетте кадрдегі бірнеше адамның көңіл-күйін бақылай алатын болады. Дхал реал уақытта видео объектив алдындағы адамдардың да көңіл-күйін анықтауға мүмкіндік туатындығын айтты.

"Егер видео объектив алдындағы адамдардың көңіл-күйінің рейтингі күрт төмендеп кетсе, орын алатын агрессияны да болжауға болады", - деді маман. Жүйені сонымен қатар, фотосуреттерді сұрыптау үшін де пайдалануға болады. Мәселен, Facebook-те "бақытты суреттерді" бірінші орынға шығаруға болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: khabar.yvision.kz

Massaget