Компьютерді саусақпен басқару

Компьютерді саусақпен басқару

Американдық ғалымдар компьютерді дене қимылдарымен басқару технологиясын ойлап тапты. Хай-тек технологияларымен айналысатын "Leap Motion" компаниясы Leap 3D деп аталатын құрылғыны қалың жұртқа жария қылды. Бұл құрылғының құрамына бәрімізге белгілі USB портымен қосылатын қабылдағыш пен камера кіреді. Сондай-ақ, бірнеше датчиктер де қарастырылған.

Бұл техникалық жабдықтар көлемі 4 шаршы метр болатын үш өлшемді кеңістікті тудырады. Бұл кеңістіктегі сенсорлар қол саусақтары мен  басқа да кішкентай өлшемді заттардың қалпын онлайн тәртіпте  бақылайды. Технологияның бір артықшылығы - контроллердің "сезімталдылығында". Контроллер кеңістіктегі заттың не болмаса, саусақтың орналасып тұрған жерін жоғары дәлдікпен анықтап алып, оны компьютер түсінетін сигналдарға түрлендіреді. Бұл технрологияның көмегімен компьютер адамның кез келген қимылын анықтай алады.

Құрылғыны өз алдыңызға орналастырып алып, сіз веб-парақшаларды ауыстыра аласыз, ойын ойнап, сурет салу мүмкіндігіне ие бола аласыз. Сондай-ақ сізде 3D жобалармен жұмыс істеу мүмкіндігі болады. Желідегі таратылып жатқан сыбыстарға сенетін болсақ, бұл құрылғы Windows 7, 8 бен Mac OS X операционды жүйелермен жұмыс істеуді қолдайтын болады. Техно гаджеттің сатылымы осы жылдың желтоқсан не болмаса, келер жылдың қаңтар айына жоспарланған. 

Бұл орайда бір айта кететін жайт бар. "Leap 3D" гаджеті "Microsoft Kinect" контроллеріне айтарлықтай бәсеке көрсете алады. "Майкрософттың" құрылғысына қарағанда, "Leap 3D" жоғары дәлдікпен және арзан бағасымен көзге түсіп отыр. Компанияның ресми сайтында құрылғының бағасы 70 доллар шамасында болса, Xbox ойын приставкасына арналған  Kinect 150 доллар тұрады. Компьтерге арналған  Kinect-ті 250 АҚШ долларына сатып ала аласыз.

Сурет:©Leap