Көлік мектебін дұрыс таңдау

Қазіргі таңда көлік жүргізушілер де, көлік жүргізуге ниет білдірушілер де көбейіп барады. Қоғамдық көліктен гөрі өзіңнің жеке көлігің болғаны көп жағдайда ыңғайлы екені сөзсіз. Сондықтан көлік айдап үйренушілерге оқып, үйренетін мектепті таңдау түседі. Бұл таңдауға болашақта сіздің қаншалықты жақсы жүргізуші болатыныңыз байланысты.

Бағасы арзан және үйіңізге жақын орналасқан болса да, көзге түскен көлік мектебіне жазылуға ұмтылмаңыз. Себебі, ол жерде оқу сағаты аз болып шығуы ғажап емес. Немесе жақын жерде орналасқан, алайда оқыту дәрежесі төмен болуы мүмкін. Одан гөрі біршама ай оқып, бірнеше мың қымбатырақ төлеп, бірақ жақсы айдап үйренген жөн.

Жақын арада көлік мектебінің оқуын тәмамдаған таныс, туыстарыңыздан сұрастырып көріңіз. «Мұғалім теорияны қалай түсіндіреді? Жақсы жеткізе ала ма? Қанша сағат көлік айдау тәжірибесін өтті? Көлік жүргізетін жері кең,  әрі ыңғайлы ма?» деген сұрақтарды міндетті түрде қойыңыз.

Көлік мектебінің сайтында емес, осы тақырыптағы әртүрлі форумдарды аралап, ақпарат, пікірлер іздеңіз. Әрине, талғамға талас жоқ, бір мектепке екі жақты пікір айтылған болуы мүмкін. Алайда, толық оқып шыққан соң, жалпылай бір пікір қалыптасатыны сөзсіз.

Көлік мектебінің көлік айдауға арналған өз алаңы болса және ол жерде эстакадалар бар болса, әрі ол жақын жерде орналасқан болса өте жақсы. Эстакадалардың бар-жоғын алдын ала білгеніңіз жөн, себебі емтихан кезінде ол міндетті тапсырылатын сынақта алдыңыздан шығады. Көлік айдау тәжірибесінің уақытын біліп алыңыз. Кем дегенде 20 сағат болғаны жөн. Ал егер 50 сағат толықтай өтілетін болса, тіпті жақсы.


Алдын ала оқытушымен сөйлесіп, біраз сұрақ қойып көріңіз. Қаншалықты салмақты екендігіне және нақты, әрі түсінікті жеткізе алатындығына көз жеткізіп алыңыз. Себебі, сіз 50 сағат тәжірибе кезінде қасыңыздағы кісі ашушаң болып шығып, сізге айқайлап отырса, көлікті жақсы айдап үйрену мақсатыңызға жете алмайсыз немесе мүлде ынтаңыздан айырыласыз.

Ең соңғы, әрі маңызды жайт – асықпаңыз. Әртүрлі көлік мектептерін аралап шығыңыз, сұрастырыңыз, ойланыңыз. Содан соң таңдауға кірісіңіз. Тез бітіруге ұмтылмаңыз, 3-4 ай көптік етпейді, себебі сіз көлікті өмір бойы айдайтын боласыз.

Оқуда сәттілік пен сабыр тілейміз!

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: content.ru