Күні кеше Астанада өткен Қазақстанды цифрландыру үдерісіне қатысты республикалық кеңес жиынында ҚР үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстан халқының цифрлық сауатын көтеруге қатысты оптимистік жоспарымен бөлісті.
"Цифрлық сауатты көтеру үшін бір орталыққа бағындырылған жүйе керек. Оған ақпараттар қорын жинайтын платформалар, өндірістік орындардың даму динамикасын цифрлық бақылау жүйесін автоматтандыру мен оны интеллектуалды жоспарлау кіреді",– дейді Премьер-Министр.
Бұл жоспар дәстүрлі өндірістік кәсіпорындарда еңбек ететін ел азаматтарын цифрлық технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеу, олардың негізгі принциптерін нақтылау, өнімді шығару мен жеткізу сынды ұлттық экономикалық шешімдерден тұрады. Ол үшін жаңа мамандарды оқытуға қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілмек.
Сонымен қатар, жоспар аясына медициналық қызметті цифрландыру да кіреді. Қарапайым халық дәрігер кеңесіне онлайн қол жеткізіп, дер кезінде медициналық қолдау алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл дәрігер қабылдауына кезекке тұру сынды дәстүрлі проблемалардың шешімін табуға негіз болады.