AdamSky «Ұлттық қазақстандық пернетақта» авторлары өздерінің өнімдерін Қазақстанның барлық мектебіне орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Tengrinews.kz тілшісіне Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IT) студенті Диас Жүнісбеков айтып берді.
Жас бизнесмендер мектептер мен колледждердегі электронды құрылғыларды жаңарту (е-learning) бағдарламасы аясында өз қызметтерін ұсынбақшы. «Біз қазір осы бағдарламаға ат салысып, қазақстандық пернетақталарды республиканың барлық мектебіне жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біз әсіресе жеткіншектердің оны игеруіне мүдделіміз. Үлкендерге оны тез үйрену қиынға соғары анық»,-дейді автор.
Қазір қазақстандық пернетақталарды құрастырушылар білім және ғылым министрлігімен жобаны жүзеге асыру үшін барлық детальдарды талқылап алмақшы. Олар алға қойған мақсаттарын орындау үшін өнімнің бірден 20 мың данасын сатып алуды жоспарлап отыр. Ал 2014 жылдың наурызына дейін қазақстандық пернетақталар е-learning жобасы аясында мектептерде толықтай пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, 2012 жылдың көктемінде таныстырылған пернетақта бірнеше рет өзгеріске ұшырапты. Оның ішінде қазақ әріптері құрылғының ортаңғы жағына топтастырылды. Одан бөлек, гаджеттің кейбір модельдеріне мультимедиялық пернелер орналастырылып, флешкалар үшін USB-портқа да орын жасалған. Қазірдің өзінде авторлар қазақстандық пернетақталардың үш мыңға жуық данасын әртүрлі мемлекеттік компанияларға сатып үлгерген.
Естеріңізге салар болсақ, қазақстандық пернетақта жасаушылар осыған дейін өз өнертабыстарын Қазақстан Президентіне екі мәрте таныстырған болатын: Астанада өткен шетел инвесторларының Форумында және Нұрсұлтан Назарбаевтың инновациялық технологиялар Паркіне жасаған сапары барысында. «Біздің Президентпен болған кездесу – біз үшін үлкен оқиға болды. Ол біздің жұмысымызды оң бағалап, соның нәтижесінде бізде үлкен сенімділік пайда болды»,-дейді Жүнісбеков.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: пернетақта авторларынан