Қазақстандағы VIP-автонөмірлердің бағасы қанша?

Қазақстанда көпшілік сұранысына ие автокөліктерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне деген баға белгіленді. Бұл туралы Республикалық жол полициясы Комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Власть журналы.

Сонымен жүргізушілер өз көліктеріне 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 сияқты нөмірлер аламын десе, 220 мың теңгеге (1450 доллар) шығындалуына тура келеді.  

Ал 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 цифрлы нөмір белгілерінің бағасы шамамен 368 мың теңге тұрады (2400 доллар).  

Жол полиция өкілдері айтқандай, бұл ақпарат жүргізушілерді жемқорлық фактілерінен сақтау үшін жарияланып отырған көрінеді. Яғни кез келген жүргізуші өз көлігіне әдемі нөмір аламын десе, аталған соманы төлеп, өзі қалаған нөмірді иелене алмақ.

Жол полиция мекемесінің хабарлауынша, бұл бағалар басқа елдердің тәжірибесі мен Қазақстандағы орташа жалақы мөлшерін есепке алып отырып белгіленіпті. Ал кейбір елдерде мұндай нөмірлерге деген баға өте жоғары көрінеді. Мысалы алысқа бармай Грузияның өзін алсақ, ондағы әдемі нөмірлердің бағасы 10 мың доллардай болады екен. Соның салдарынан осы жүйенің пайда болғанына бес жыл уақыт өтсе де, содан бері елде тек осындай жеті ғана нөмір сатылған болып шықты.   

Өткен жылы ІІМ жол полициясы Комитеті төрағасының орынбасары Марат Жұмағұлов автокөліктерге арналған VIP-нөмірлердің бағасы 450 мыңнан аспайды дегенді айтқан еді.



Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: auto.1mag.kz