Қазақстан вокзалдарына Wi-Fi орнатылады

Қазақстандағы темір жол вокзалдарына Wi-Fi орнатылады. Бұл туралы Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі хабарлады. 

Темір жол вокзалдары бұдан былай түрлі кластарға бөлінетін болады. Бекеттердің қай класқа жататындығы арнайы комиссияның шешімімен белгілі болады. Осылайша әр вокзал түрлі категорияға бөлінген соң, олардың әрқайсысына өзіне сай талап қойылатын болады. Стандартты вокзалдар мына талаптарға жауап беруі керек: билет кассасы, күту залы, санитарлық бөлме, анықтамалық бюро, медпункт, қауіпсіздік бөлімінің болуы. Ал жоғары категориядағы вокзалдарда Wi-Fi, видебақылау пункті, жүк сақтау бөлмесі, ақша айырбастау пункті, банкомат, почта, телеграфия пункті, ана мен бала бөлмесі, сервис центрдің болуы міндеттеледі. 

Сонымен қатар, барлық вокзалдарда мүгедектердің жүріп-тұруына барлық жағдай жасалатын болады. Вокзал қызметкерлері оларға барынша көмек көрсетіп, пойызға отыру кезінде серік болмақ.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан 

сурет: maps.resurs.kz