- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Қазақстан ғалымдары 3D-принтер...
Қазақстан ғалымдары 3D-принтер жасап шығарды
Қазақстан ғалымдары 3D-принтер жасап шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kz порталына сілтеме жасап.
3D форматтағы жаңа жоба қытайлық модельдің негізінде жасалыпты. Алайда 400 мың теңге тұратын Қытай құрылғысының құны тым қымбатқа түскен. Ғалымдардың төл жобасын жасақтауға небәрі 89 мың теңге жұмсалған. Әріптерді тез теретіні өз алдына, жұмыс жасау кеңістігі де ауқымды. Сондықтан оны болашақтың технологиясы деп толық сеніммен айта аламыз, дейді жоба авторлары.
"Мысалы, құрылыста жобаларды алдымен компьютерде жобалап, кейін принтерлермен басып, керек жерлерін көрсетуге болады. Жалпы біз оны құрастырғанда кейбір бөлшектерін Қытайдан тапсырыспен сатып аламыз. Себебі бізде оның бөлшектері таптырмайды. Біздің принтердің жылдамдығы өте жоғары және жұмыс аумағы қарапайым принтерлерге қарағанда үлкен болып саналады", - дейді Жәңгірхан атындағы БҚАТУ студенті Салауат Ғалымжанұлы.
Айта кетейік, жастар жыл соңына дейін 3D үлгісіндегі тағы 5 принтер жасақтауды жоспарлап отыр. Өнімді сериялы түрде өндіріске енгізудің бизнес жоспары да дайын тұр. Енді жасалатын принтерлерге қажетті қосалқы бөлшектердің сызба нұсқалары осы дайын болған құрылғының көмегімен жасақталады.
Жоба авторларының сөзіне қарағанда, мұның бір ерекшелігі - энергия үнемдеуге болады. Отандық 3D принтерлерді жоғары оқу орындары мен мектептер, сонымен қатар жобалау институттары мен сәулетшілер сатып ала алады. Ал онымен қалай жұмыс істеу керегін тегін үйретеміз, дейді ғалымдар.
Е. Жұмабайұлы