- Негізгі бет
- Шолу
- Қазақ тілінде сөйлейтін...
Қазақ тілінде сөйлейтін кітап
Технологияның озық үлгілері балаларға да жетті. Басып қалсаң, қалауыңды орындайтын сиқырлы таяқша өз мәнін жойып жатқандай. Олай дейтініміз, бұл күні балалардың ой-өрісін кеңейтуге арналған "тілі бар" кітаптар дүкендерде самсап тұр.
Massaget.kz сондай сөйлейтін кітаптардың біріне жасалған шолуын ұсынады.
Біздің қолымызға "Тәлім-Таным" ЖШС жарыққа шығарған Оразақын Асқардың "Таудай бол!" атты сөйлейтін кітабы тиді. Кітапта Оразақын Асқардың 10 өлеңі топтастырылған. 8 беттен тұратын кітаптың әр бетіндегі өлеңдерге сәйкестендіріліп суреттер салынған. Ол суреттердің авторы – Нұран Айымбет.
Әр бетін ашқан кезде сол беттегі өлең кітапқа қоса қойылған арнайы құрылғының көмегімен дыбысталады. Оқылып жатқан тақпақтың өзі ойнақы музыкамен әрленген.
Бұл баланың өлеңді оқып, естіп, көруін қамтамасыз етеді. Сәйкесінше, өлең тез жатталып, баланың таным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді.
Отандық өнімнің бағасы – 2800 теңге. Кітапты өз қалаңыздағы кітап дүкендерінен сатып алуыңызға болады.
Абзал Аққошқаров, "Тәлім-Таным" ЖШС-нің қызметкері:
"Бұрын-соңды балаларға арналған мұндай кітап Қазақстанда жасалған емес. Біз бірінші болып қазақ тілінде сөйлейтін кітапты жарыққа шығардық. Жарыққа шыққанына 1 жылдан астам уақыт болды. Бүгінде "Сөйлейтін кітап" сериясымен "Жыл басына таласқан жануарлар" (Әлем ертегілері), "Қомағай қонжықтар" (Әлем ертегілері), "Қуыр-қуыр, қуырмаш" (Әлем ертегілері), Шәкен Күмісбайұлының "Құлыншақ" (Өлеңдер) кітабы және сіздер танысып отырған Оразақын Асқардың "Таудай бол!" (Өлеңдер) кітабы сатылымға шықты".
Айта кетейік, бұл күні әсіресе балаларға арналған отандық мультимедиалық өнімдер көбейіп келеді. "Bal-bala" қуыршақтары қазақ тілінде ән салса, электронды қазақ үй ән-күй, ертегі, жырларды тек ана тілімізде оқиды.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Massaget.kz
Р. Роза