- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Қазақ кәсіпкері жасаған...
Қазақ кәсіпкері жасаған сағат көпшілік сұранысына ие
Арқа төсінің он саусағынан өнер тамған хас шеберлерге кенде болған кезі жоқ. Бұрынғы өткен өнерлілердің бүгінгі жалғасы жас кәсіпкер Арман Тосқанбаевты айтуға болады.
Бүгінгі күнде талапты жас өзінің бағын сағат жасау сынды сирек талант пен ғаламат ыждағаттылықты талап ететін мехнатты істе сынап жүр. Алғашқы қадамы жаман емес. Шебердің қолынан шыққан «Отан Патриоты» деп аталатын ерлердің 25 қолсағаты көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен. Циферблатында Қазақстанның Елтаңбасы бедерленген сағаттарды депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер пышақ үстінде талап әкетіпті. Наурыз айында Арман «Президент» деп аталатын сағаттың қымбат жиынтығын құрастырып шығармақ. Одан кейінгі кезекте әйелдерге арналған сағаттар тұр.
Жақсының ісі жерде жатқан ба? Қазіргі таңда Арман тапсырыстың астында қалған. Еліміздің түпкір-түпкірінен алтын және күміс сағаттарға деген тапсырыстар күн сайын түсіп жатқан көрінеді. Әсіресе, Астана мен Алматының сағатқұмарлары бұл шаруада ат оздырып тұр.
Қазіргі таңда Арманның шағын ғана шеберханасында бес адам еңбек етеді. Кім біледі, мүмкін бұл Қазақстан тарихындағы сағат шығаратын тұңғыш мануфактураның басы шығар?! «Маған бұл істе Отанға деген сүйіспеншілік рухани күш береді. Елбасымыз отандық өндірісті дамыту керек дегенде бұған мен өзімнің үлесімді осылайша қосқым келді», – деп сыр ақтарады Арманның өзі.
Қазір Арман және оның серіктері сағаттың дайын бөлшектерін құрастырумен ғана айналысады. Бара-бара бұл істі жетілдіріп, құрастыруды тереңдете түсу – көздеген мақсаттың бірі. Мысалы, сағаттың бауы мен корпусын және бедерөрнегін салуды өз бетімен жасай бастамақ.
Негізінен, қол сағатына қажетті бөлшектер Швейцария, Жапония және Қытай мемлекеттерінде шығарылады. Бұрын бұл іспен ресейліктер де айналысқан екен, алайда, олар белгілі себептермен мұндай шаруадан бас тартыпты. Әлбетте, сағат жасау нарығында бос орын жоқ десе де болады. Бәсекелестік дегеніңіз жалына қол тигізбейді. Дегенмен, солай екен деп тартынып отырған Арман жоқ. Оның ойынша, өзіндік өндірісті дамытып, оны жергілікті мазмұнмен байытып, дайын өнімге патриоттық терең мән беру – игілікті іс, басты міндет.
Арман алғашқы сағаттардың дизайнын өз қолымен сызған. Соңынан мамандардың көмегіне сүйене отырып, еліміздегі атаулы даталар мен бас қаламыздағы танымал ғимараттарды бейнелеген нұсқалар пайда бола бастады. Арманға өнімі Америка мен Еуропа нарығына тарайтын «Miami watch» компаниясында жұмыс істейтін қазақ жігіттері көп қолғабысын тигізген екен. Солардың көмегінің арқасында бірлескен өндіріс құрудың мүмкіндігі туды.
Арманның шағын ғана сағат жасау мануфактурасының жобасы жыл сайынғы «Өз бизнесіңді жаса!» атты республикалық конкурсқа қатысып жатыр. Бұл байқауды Кеңес Рақышев (Singulariteam қорының әріптес басқарушысы) пен Вячеслав Ким («Kaspi Bank» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы) қолдау көрсететін «Сәби» қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Егер де Арман ұсынған жобаның жұлдызы жанып, бәйгеге деп тігілген 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны ұтып алар болса, қазақстандық сағат жасаушы шеберлердің тасы өрге жылжушы еді. Қомақты қаржыға өндіріске қажетті құрал-жабдық алынса – жоқтан бар жасап жатқан талапты өрендердің ісі алға басады. «Сонда, – дейді арманшыл жас Арман, – қолына қазақстандық сапалы әрі сәнді сағат таққан отандастарыма өзге жұрттың өкілдері қызыға қарайтын болады».
@. @assel_assanova