"Касперский Зертханасы" жаңа операциялық жүйе жасап жатқандықтары туралы сыбыстарды ресми түрде растады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Мамандар қолданушыларды хакерлер мен түрлі вирустардан ада ортамен қамтамасыз ететін бағдарламалық қамсыздандыру жұмыстарымен айналысуда. Аналитиктердің айтуынша, ОЖ индустриалдық ақпараттық жүйлерде де кеңінен қолданылатын болады. Жұмыстардың қашан аяқталатындығы белгісіз. Бірақ баспасөз қызметінің айтуына қарағанда, жаңа тауардың нарыққа осы жылдың аяғына дейін шығатыны анық.
Компанияның бас антивирус маманы Сергей Голованов Алматыда өткен баспасөз-конференциясында алғашқы кезеңде бағдарлама жұмыстарының энтузиастардың ниетімен жасалғандығын айтты. Қызметкерлер жұмыстан босаған уақытында ғана шаруамен айналысып жүрген. Дегенмен кейінірек компанияның негізін қалаушы Евгений Касперский бұл жобаға қызығушылық танытыпты. Головановтың айтуынша, жаңа өнім "бүкіл интернетті вирустардан қорғайтын болады".
Айта кетелік, "Касперский Зертханасының" жеке ОЖ жасап жатқандығы туралы сыбыс компания сайтында операциялық жүйе жасайтын мамандардың қажеттігі туралы ақпарат орналастырылғаннан кейін пайда болған еді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: satomaker.ru