Ланкастер университетінің британдық ғалымдары адамға бұл дүниеде қанша өмірі қалғандығы жөнінде хабар беретін сағат жасап шығарды.
Бұл сағат өзінде орнатылған адам денсаулығына еш зияны жоқ лазер сәулесі арқылы денедегі қантамырларында орналасқан эндотелиалды жасушалардың жағдайына сараптама жасай отырып, дененің қаншалықты ерте қартаятынын анықтап, ол жөніндегі ақпараттарды үздіксіз экран бетіне шығарып отырады.
Мұндай құрылғы қазірдің өзінде медицина мамандарының үлкен қызығушылығын тудырып отыр. «Өлімді анықтау тесті» деп аталатын сағаттағы ақпараттар 0 мен 100 сандары арасында көрсетіледі. Яғни, егер тест қорытындысы 0-ді көрсетсе, онда адам өлі күйде, ал 100 болса, адам тірі және жағдайы қалыпты деген сөз.
Құрастырушы мамандардың пікірінше, дәрігерлер оны үш жылдан кейін толық қолдануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ құрылғы ем қабылдаушылардың онкологиялық және тағы да басқа қауіпті ауруларға деген бейімділігін анықтауға да мүмкіндік беретін көрінеді.
Құрылғыны құрастырып шығушылардың бірі профессор Анета Стефановска болашақта осы сағаттан алынған анализ қорытындылары үлкен мәліметтер базасына топтастырылып, кейін оның көмегімен адамның қанша өмірі қалғанын дәл анықтауға мүмкіндік болатынын айтып отыр.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: writerscafe.org