Қазір адамдар жеп отырған асы болсын, ішіп отырған сусыны болсын ондағы калория мөлшерін өздерінше шамамен есептеуге мәжбүр. Бұл істе қателесіп кетудің де мүмкіндігі жоғары, оның үстіне ол - жүйкені тоздыратын жұмыс.
Осындай мәселемен бастары қатқан адамдарға жаңа технология көмекке келіп отыр. Жақын уақытта нарық әлеміне ас құрамындағы калория мөлшерін дәл анықтай алатын құрылғы келмек. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда тамақ құрамы мен оның құндылығына мұқият адамдар үшін калория мөлшерін анықтай алатын қысқа толқынды пештер сынақтан өту үстінде.
Бұл шешімнің көпшілікке орасан зор пайдасы болатыны айтпаса да түсінікті шығар. Дәл осы қысқа толқынды пештер әлем тұрғындарының жиі қолданатын тұрмыстық техникасы болып саналады. Сол себепті де GE компаниясының инженерлер тобы калория мөлшерін анықтау тапсырмасын дәл осы гаджетке тапсырып отыр.
«Ақылды» ас үй гаджеті ішінде ысып жатқан астың тағамдық құндылығын дәл көрсете алады. Қазір ол тек біртекті тағамды ғана «оқи алады». Алдағы уақытта құрастырушылар пешті бірнеше құрамда дайындалған астың тағамдық құндылығын жеке-жеке анықтайтындай етіп жабдықтамақ.
Мысалы, қазіргі ойлап табылып отырған қысқа толқынды пешке тауық етін салар болсаңыз, ол қажетті ақпаратты бірден смартфон бетіне шығарып бере алады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: engadget.com