- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Жыл көлігі ...
Жыл көлігі
Жылдың ең үздік көліктері тақырыбындағы материал менің мойнымда тапсырма болып тұрғалы біраз болды. Ойыма осы сайттағы "Қандай көлікті армандайсыз?" деген тақырып түркі болды. Бізде, Қазақ елінде көлік жастардың арманына айналғалы біраз жылдың жүзі болды. Сол тақырыптағы пікірлерге қарап отырсаңыз, көпшілік оқырманның арманы орташа деңгейдің өзі жете бермейтін әйгілі көліктер. Ламборджини, Cadillac Escalade, Субару Легаси (қарапайымы емес, әрине), Рэйндж Ровер, Бентли, Audi TT-RS, Mercedes С63 BiTurbo AMG т.б. Санай берсең, таусылмайды. Мен оқырмандар талдауын тізіп отырмын, әрине. Тағы бір пайдаланушының айтқаны тіпті тамаша. "Жүргізушісі бар көлік болғаны ең дұрыс" депті. Көлік қана емес, ол билікті де армандап отыр. Жөн, жөн.
Біз осы сауалнаманы миллиардтан астам қытайларға, үнемшіл жапондарға, қарапайым еуропалықтарға қойсақ, қалай болар еді. Қытайлықтар бензин үнемдейтін көліктерді армандайды. Өйткені оларда бензин бізден екі есе қымбат. Ал жапондар жеңіл, табиғатты ластамайтын көліктерді армандайды. Өйткені, онсыз да қауіп астында тұрған жапондар қоршаған ортаның қадірін бізден он есе артық түсінеді. Ал Еуропада ең әйгілі көліктерді жұлдыздар ғана мінеді. Онда да өздері сатып алмайды, сый, сауға ретінде қабылдайды. Әрі арзан, әрі ескілеу көлік мінуді олар ар санамайды. Оның үстіне сондай көліктердің өзін Азия, Африка құрлықтарына тасымалдап отырған да солар. Қалталылар көлік мінумен бәсекелеспейді. Еуропалықтардың қазіргі шөлдеп отырғаны мүлік пен көлік емес, рухани байлық. Еуропада 2011 жылы ең көп сатылған көлік Volkswagen Golf пен Volkswagen Polo болыпты. Бұл да соның бір дәлелі.
Жақында ғана өткен Париж автокөлік жәрмеңкесінде жапондар жасаған ауаны ластамайтын, бензин үнемдей алатын және немістер шығарған шағын көліктер назарға ілікті. Не үшін? Адамзат осы деңгейге көтеріле бастады қазір. Ең асыл дүниелер сарапқа түскенде қарапайымдылықтың бас бәйге алатыны секілді қағида бүкіл адамзаттық деңгейде шындыққа айналып келе жатыр. Сондықтан қазір дүние жүзіндегі көлік өндірісінде бұрынғыдай ауыр типті, асыл көліктер сұраныстан шығып қалып отыр. Бірнеше жыл бұрын ғана Hummer және сол тұрпаттағы джип секілді ірі компаниялардың құлдырауы соның айғағы. Дамыған елдерде әр адам баласы қоршаған ортаны, жер шарының "денсаулығын" ойлай бастады. Барлық жақсылықты өзінен бастау керек екендігін сезіне білді. Ал бізде ше, біз әлі де арқыратып ауыр типті, әйгілі көлік мінгіміз келеді.
Жә, бізге де бір күн туар. Әлемнің маңдай алды елінің біріне айналармыз. Сонда біз де басқалар жайлы, сүйікті табиғат анамыз жайлы ойланатын болармыз. Қазірше, өз еліміздегі көліктер жайлы, тұтынушылар арасында ең жақсы деген бағаға ие болған көліктер жайлы тоқталайық.
Алматыда көптеген жүргізушілер көпшілік тұтынушылардың қалтасы көтеретін Toyota Carina E көлігін мақтасады.
1995 жылдан 2000 жылға дейінгі шығарылған нұсқалары қазіргі кездегі тұтынушылар үшін тиімді, бензинді де аса көп сарп етпейді. Жалпы көлік құрылымы мықты. Күн сайын жөндеу орындарына шапқыламайсыз. Алда-жалда бұзыла қалса, жөндеу ақысы да, автобөлшектері де арзан.
Ел аузындағы тағы бір машина TOYOTA Сamry.
Бұл да тиімді көлік қатарында. Жалпы бағасына қарай 10, 15, 20, 25, 30, 35 болып бөлінеді. Бұдан жоғары нұсқалары қымбаттау. Және 40, 45, 50 деген соңғы нұсқалар жайлы біраз пікірлер де айтылып қалып жүр. Сондықтан 35-тен төменгі нұсқалар тұтынушылар көңілінен шығып жүр деуге болады.
Әрине жұрт көңілінен шығып жүрген көліктер бұлар ғана деп айта алмаймыз. Біз тек жақсы пікірді көп еститін көліктер жайлы ғана айтып отырмыз. Құрметті оқырман қауым, сізге қандай көлік ұнайды? Жақсы, тиімді тұстарымен қоса пікірлесе отырыңыз.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: kolesa.kz
Қ. Қауымбек