Автономды, яғни жүргізушісіз басқарылатын автокөліктердің концептілері енді ғана жарыққа шығып, индустриядағы бұл бағыт көпшілік арасында әртүрлі пікір туғызғанымен, дизайнерлер қазірдің өзінде көліктің ішіндегі рульден қолы бос жүргізушінің не іспен айналысып, уақыт өткізетінін ойлап әлек болуда. Осындай шешімнің бірін Rinspeed агенттігі ойлап тауыпты. Tesla model S электромобильдерінің дамуы ретінде қарастырылған концепция бізге дөңгелек үстіндегі демалу бөлмесін есімізге салады.
Жеңіл көліктің отыратын алдыңғы екі орындығы 360 градусқа дейін орнынан айнала алады. Осылайша, ондағы барлық жолаушылар сапар кезінде бір-біріне қарап отыратын мүмкіндікке ие болады. Ал оның рулі аспаптар панелі айналасында айнала алатын арнайы тұғырнамаға бекітіліп, ал егер жүргізуші фильм қарап немесе интернетке кіргісі келсе ол ортаға қарай ығысып, дисплейі ашылады.
Артқы орындығының арқалығы да жолаушылардың назарына жоғары сападағы 52 дюймдық теледидарды ұсыну үшін төмен түседі. Әзірше концептінің барлық құпиясы осы болып отыр. Енді дизайнерлер өздерінің концептісін алдағы айда болатын Geneva Motor Show көрмесінде көпшілік назарына ұсынбақ ниетте.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: 24gadget.ru