Жас отбасы жұмыстан бірге қайтты. Күннің қалай өткені жайлы бір-екі ауыз тіл қатысқан соң әйелі телефонға шұқшиды. Дүкеннен үйге керекті заттарды алу үшін тағы бір тіл қатысқаны болмаса әңгіме айтпады. Үйге келген соң келіншек тамақ қамына кірісті, балалар теледидар, әкелері телефон қарады.
– Мама, біз бүгін күшті ойнадық, – деп басталған баласының әңгімесін «Мен тамақ жасап болайын, сосын тыңдаймын», – деп қайырған шеше тамақтың суы қайнағанға дейінгі уақытта тағы да телефонға жармасты.
– Мама, сенің телефоныңнан «Маша медведь» көрсем бола ма?
– Қызым, менің телефонымнан интернет дұрыс ұстамайды, папаңнан сұрашы. YouTube қарауға жарамайды деген сылтаумен шешесі қызын қайтарып жіберіп еді, ортаншысы «Папам, өзі watsapp-та отыр ғой», – деп риясыз жауап қатты.
Отбасылық ортақ әңгіме тамақтану уақыты қанша уақытқа созылса, сонша уақыт қана айтылды. Арасында ерлі-зайыптылар бір-бірінен watsapp-қа келген бейнелердің ең қызықтысын көрген-көрмегендерін сұрасты. Дастарханды жинауға кіріскен шешеге тұңғышы телефонынан вконтакте желісіндегі қызық деректерді көрсетіп мәз.
– Балам, телефонды зиян деген сайын жабысасыңдар, осы уақытта кітап оқысаң қайтады?
– Қазір, мама. Енді бір он бес минут қарасам болды.
Үлкені атасының үйіне кеткенде Бейімбет Майлиннің әңгімелері мен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқы деп тапсырып жіберген еді. Жасөспірім малды ауылда атқа мініп қой бағатындықтан жүйрік ат туралы шығармаға қызығар деп үміттенген.
– Мама, «Құлагер» поэмасы ұз-а-а-қ қой.
– Сюжетке құрылып, өлеңмен жазылған шығарманы поэма дейді, біз сендей кезімізде поэмаларды жаттайтынбыз.
– Тым ұза-а-а-а-қ қой, оны қалай жаттайсыздар?
– Жаттасаң жадың шыңдалады, оқығаныңды көп уақыт есіңде сақтайсың.
– Мен бірінші класта жаттаған тақпақтарымды әлі ұмытқан жоқпын ғой…
– Ол саған өмір бойы азық, сөздік қорың молаяды. Бір әңгімені бастағанда кібіртіктеп тұрмай, ойыңды анық жеткізе аласың. Бала шешесінің сөзін байыппен тыңдағанымен, қасынан тез кетіп қалды. Соңғы сөздерінің оған аса дари қоймағынын іштей сезсе де анасы үндемеді. Желіге байланған дүрмек заманның алдында дәрменсіз еді. Бұдан біраз уақыт бұрын тұңғышының вконтактідегі парақшасын ашып көріп еді. Көп айтыла бермейтін қызықты деректер мен кейінгі кезде қатты қызығып жүрген футбол туралы мәліметтерге толы екен. Мағынасыз дүниелердің жоқтығына шүкіршілік етті.
Ас үйден шықса, әкесінің аулаға кеткенін пайдаланған үшінші ұл телефон ойнауға кірісіпті, қызы «Маша мен аю» көре алмай қалғаны үшін бұртиып жүр. Балаларына ертегі оқып бермекші болып еді, қажет кітапты қолына алып, балалардың зейінін аударғанша уақыт та ұзап кетіпті. Ертең ерте тұрып балаларды балабақшаға шығарып салу керек екенін ойлап айнып қалды. Құдай бұйырса ертең кешке оқып берермін деп жұбанды. Алайда, ертеңгі күннің де осы іспетті өтері белгілі еді…
***
Кейінгі кезде адамдардың барлығы өзіне ыңғайлы бір әлемде жүретіндей. Сол ыңғайлы дүниені интернет желісінен табады. Қоғамдық көлікке мінсеңіз де, халыққа қызмет көрсету орындарына, я дәрігердің кезегінде отырсаңыз да телефонға шұқшиған тұрғындарды көресіз.
Youtube қорындағы бейнежазбаларды көріп шығу үшін 1000 жылдан аса уақыт кетеді екен, ал ол уақыт аралығында Youtube-қа миллиардқа жуық жазба жүктеліп үлгеретін көрінеді. Оған тіркелген қолданушының 70%-ы АҚШ-тан екен, ал 50% -ы 20-ға дейінгі жастар. Қазақстан азаматтарының қанша пайызы Youtube-та, қаншасы әлеуметтік желілерде отырып, оған қанша уақытын арнайтыны белгісіз. Алайда, тұрғындардың бүгінгі беталысына қарасақ, желінің ішіне көшу дәуірі басталып кеткендей…
Дереккөз: qazaqadebieti.kz