Желіге жегілген өмір

Желіге жегілген өмір
Фото: uamodna.com

Жас отбасы  жұмыстан бірге қайт­ты.  Күннің қалай өткені жай­лы бір-екі ауыз тіл қатысқан соң әйелі телефонға шұқшиды. Дүкеннен  үйге керекті заттарды алу үшін тағы бір тіл қатысқаны бол­маса әңгіме айтпады. Үйге кел­ген соң келіншек тамақ қамы­на кір­істі, балалар теледидар, әкелері телефон қарады.

– Мама, біз бүгін күшті ойна­дық, – деп басталған баласының әңгімесін «Мен тамақ жасап болайын, сосын тыңдаймын», – деп қайырған шеше тамақтың суы қай­нағанға дейінгі  уақытта тағы да телефонға жармасты.

– Мама, сенің телефоныңнан «Ма­ша медведь» көрсем бола ма?

– Қызым, менің телефонымнан интернет дұрыс ұстамайды, па­паңнан сұрашы. YouTube қарау­ға жарамайды деген сылтаумен шешесі қызын қайтарып жіберіп еді, ортаншысы «Папам, өзі watsapp-та отыр ғой», – деп риясыз жауап қатты.

Отбасылық ортақ  әңгіме тамақтану уақыты қанша уақытқа созылса, сонша уақыт қана айтылды. Арасында ерлі-зайып­тылар бір-бірінен watsapp-қа келген бейнелердің ең қызықтысын көрген-көрмеген­дерін сұрасты. Дастарханды жи­науға кіріскен шешеге тұңғышы те­лефонынан  вконтакте желісін­дегі қызық деректерді көрсетіп мәз.

– Балам, телефонды зиян деген сайын жабысасыңдар, осы уа­қытта кітап оқысаң қайтады?

– Қазір, мама. Енді бір он бес минут қарасам болды.

Үлкені атасының үйіне кеткенде Бейімбет Майлиннің әңгі­ме­лері мен Ілияс  Жансүгіровтің «Құла­гер» поэмасын оқы деп тапсырып жіберген еді. Жасөспірім малды ауылда  атқа мініп қой баға­тын­дықтан жүйрік ат туралы шығар­маға қызығар деп үміт­тен­ген.

– Мама, «Құлагер» поэмасы ұз-а-а-қ қой.

– Сюжетке құрылып, өлеңмен жа­зылған шығарманы поэма дей­ді, біз сендей кезімізде поэмаларды жаттайтынбыз.

– Тым ұза-а-а-а-қ қой, оны қа­лай жаттайсыздар?

– Жаттасаң жадың шың­дала­ды, оқығаныңды көп уақыт есіңде сақ­тайсың.

– Мен бірінші класта жаттаған тақ­пақтарымды әлі ұмытқан жоқ­пын ғой…

– Ол саған өмір бойы азық, сөз­дік қорың молаяды. Бір әңгі­мені бастағанда кібіртіктеп тұр­май, ойыңды анық  жеткізе ала­сың. Бала шешесінің сөзін ба­­йып­­пен тыңдағанымен, қасы­нан тез кетіп қалды. Соңғы сөзде­рінің оған аса дари қоймағынын іштей сезсе де анасы үндемеді. Желіге бай­лан­ған дүр­мек заман­ның алдында дәрменсіз еді. Бұдан біраз уақыт бұрын тұң­ғышының вконтак­тідегі парақ­шасын ашып көріп еді. Көп айтыла бермейтін қызықты деректер мен кейінгі кезде қатты қызығып жүрген футбол туралы мәлімет­тер­ге толы екен. Мағынасыз дү­ние­лердің жоқтығына шүкіршілік етті.

Ас үйден шықса, әкесінің ау­лаға кеткенін пайдаланған үшінші ұл телефон ойнауға кірісіпті, қы­зы «Маша мен аю» көре алмай қал­ғаны үшін бұртиып жүр. Ба­лала­рына ертегі оқып бермекші бо­лып еді, қажет кітапты қолына алып, балалардың  зейінін аудар­ғанша уақыт та ұзап кетіпті. Ертең ерте  тұрып балаларды балабақ­ша­ға шығарып салу керек екенін ойлап айнып қалды. Құдай бұ­йырса ер­тең кешке оқып берермін деп жұ­банды. Алайда, ертеңгі күн­нің де осы іспетті өтері белгілі еді…

***

Кейінгі кезде адамдардың бар­лығы өзіне  ыңғайлы бір әлемде жүре­тіндей. Сол ыңғайлы дүниені  интернет  желісінен табады. Қоғамдық көлікке мінсеңіз де, ха­лыққа қызмет көрсету орындарына, я дәрігердің кезегінде отыр­саңыз да телефонға шұқши­ған тұрғындарды көресіз.

Youtube қорындағы бейнежазбаларды көріп шығу үшін 1000 жыл­дан аса уақыт кетеді екен, ал ол уақыт аралығында  Youtube-қа миллиардқа жуық жазба жүктеліп үлгеретін көрінеді. Оған тіркелген қолданушының 70%-ы  АҚШ-тан екен, ал  50% -ы  20-ға дейінгі жас­­тар. Қазақстан азаматтарының қанша пайызы Youtube-та, қан­шасы әлеуметтік желілерде оты­рып, оған қанша уақытын арнайтыны белгісіз. Алайда, тұр­ғын­дардың бүгінгі беталысына қарасақ, желінің ішіне көшу дәуірі басталып кеткендей…

Дереккөз: qazaqadebieti.kz

Е. Жұмабайұлы