Желіде "Pfizer құжаттары арасынан вакцина алған 270 жүкті әйел туралы мәлімет жоғалып кетті" деген жалған ақпарат тараған, - деп хабарлайды stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, вакцинацияға қарсы адамдар Pfizer құжаттары арасынан вакцинаны сынау барысында жүкті 270 әйел туралы мәлімет белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін айтады. Олардың пікірінше, бұл - деректерді жасырудың және вакциналардың қауіпті екенінің белгісі. Іс жүзінде бұл олай емес.
Басылым мәліметінше, бұл құжат клиникалық сынақтар туралы есеп емес. Бұл - АҚШ-тың Дәрі-дәрмек жөніндегі федералдық басқармасына биологиялық лицензия алу үшін берілген өтінім. Биологиялық лицензия - әртүрлі штаттарда жаңа биологиялық өнімді енгізуге немесе таратуға берілетін рұқсат. Өтінімде VAERS және Yellow Card сияқты АҚШ пен Ұлыбританияның ашық жүйелерінен алынған вакцинациядан кейінгі жағымсыз әсер туралы деректер қамтылған. Олардың ерекшелігі - өтінішті кез келген адам растау құжаттарынсыз немесе мамандардың қорытындыларынсыз қалдыра алатыны.
Оған 2020 жылғы 1 желтоқсан мен 2021 жылғы 28 ақпан аралығындағы кезеңде осы платформаларда жиналған деректер енген. Өтінімде еш жерде осы уақыт аралығында вакцина алған адамдардың жалпы саны көрсетілмеген. Онда бұл кезеңде жүкті бола тұра, вакцина алған әйелдерден 270 жағымсыз реакция туралы ақпарат келіп түскені ғана айтылған. Кейбір жағдайларда жүктілік сәтсіз аяқталған. Айта кетейік, дәрігерлер де, әйелдердің өздері де бұл жағдай вакцина салдарынан болды деп айтпаған, өйткені түсік тастауға басқа да ықтимал себептер болған.
Өтінімде жүктілік жағдайларының қалай аяқталғаны туралы басқа ештеңе жазылмаған. Сондықтан қолданушылар деректер жасырылған деп ойлайды. Шын мәнінде, Техас университетінің Оңтүстік-батыс медициналық орталығы Ана мен бала медицинасы кафедрасының доценті Эмили Адхикаридің айтуынша, құжат әзірленіп жатқанда әйелдер әлі босанбаған соң, мамандар жүктілік нәтижесін сипаттай алмаған. Оның үстіне, 270 - бұл бала көтерген вакцинацияланған әйелдердің жалпы санының аз ғана бөлігі. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, АҚШ-та 2021 жылғы 16 ақпанда кем дегенде 34 494 жүкті әйел вакцина салдырған. Демек, Pfizer жүкті әйелдерге арналған вакцинаның зияны туралы мәліметтерді жасырады деген ақпарат - фейк. Құжатты әзірлеу барысында әйелдер әлі босанбаған соң бұл деректер оған енбеген және ол кезде балалар мен аналардың жағдайын сипаттау мүмкін болмаған.