Жапонияға саяхат жасауды жоспарлап жатырсыз ба? Егер солай болса, ағымдағы жылдың шілде айында ашылатын Нагасаки қаласындағы Henn-na қонақ үйіне тапсырыс беруге асығыңыз. Себебі бұл қонақ үйдің қызметкерлері толығымен роботтар болмақ. Олар сіздің тіліңізде кез келген қажет ақпаратты жеткізе алатын болады. Роботтардың адамға өте ұқсас болғаны үшін құрастырушы Kokoro компаниясы өз өнімін «актроид» деп атапты.
Роботтар қонақтармен визуалды байланысқа келу жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, алдындағы адамның кез келген қимылын бақылай алады. Өзіңіз қалаған бөлмеге тапсырыс қабылданғаннан кейін, сіздің жүгіңізді жеткізіп салатын роботтар көмекке келеді. Одан бөлек сізге кофе дайындайтын, бөлмеңізді тазалайтын қызметкерлер де роботтар болмақ.
Айта кету керек, Henn-na қонақ үйі робот қызметкерлерімен ғана ерекшеленбейді. Қонақ үй толығымен смарт технологиямен жабдықталған. Мысалы, есігіңізді ашу үшін сізге кілттің қажеті жоқ. Алдыңғы камера сіздің келбетіңізді тану арқылы есікті ашады. Одан бөлек бөлмеде орналасқан арнайы тетіктер сіздің дене температураңызды анықтап, бөлменің жылулығын бейімдейді.
Ал Henn-na қонақ үйінің басты артықшылығы оның тек Күн энергиясын пайдалануында болып отыр.Бұл келуші қонақтардың тиімді бағамен орналасуына мүмкіндік береді.
Қонақ үй Нагасаки қаласындағы Huis Ten Bosch бағының маңында орын теппек. Уақытша мекеннің бар жоғы 72 орыны болатындықтан, туристік маусым кезінде алдын ала тапсырыс берген жөн. Расында қонақ үй бөлмелерінің тәуліктік төлемі жапондықтар үшін орташа баға болып келеді. Бір бөлменің бағасы 60 АҚШ долларынан басталып, $153-ке дейін барады.
Ал шынайы адамның көмегіне жүгінгісі келетін тұлғалар үшін Henn-na қонақ үйінде адамдар да қызмет көрсетуге дайын тұрады. Дегенмен жобаны дайындаушылар жеке гуманоидтық бағдарламаға ие роботтардың өздері дербес басқару мүмкіндігіне ие болатынына сеніммен қарап отыр. Бұл жобаның идеясы қоғамда жақсы әсер қалдыратын болса, алдағы уақытта дүние жүзінде осы сынды 1000-нан астам қонақ үй салыну жоспарланған.
Сурет: www.cnn.com
Оқи отырыңыз:
CES 2015. Жасанды санаға ие алғашқы робот таныстырылды
Жапондар оқушыдан да "ақылды" робот жасап шықты
Адам миына ота жасайтын робот құрастырылды
Қыздардың суретіне like басатын робот жасалды