Монако княздігінде итальяндық Monte-Carlo Automobile компаниясының Rolls-Royce қозғалтқышы бар, сыртқы кейпі Ferrari-ге өте ұқсас жаңа көлігі таныстырылды.
Айта кетейік, Monte-Carlo Automobile компаниясы осыдан 30 жыл бұрын инженер және автокөлік жарыскері Фульвио Мария Баллабионың бастамасымен негізі қаланған еді. Сонымен компания ұсынған жаңа Rascasse автокөлігі атақты Ferrari 360 Modena-ға сыртқы түріне байланысты қатты ұқсас келеді және онда Rolls-Royce Silver Seraph моделіндегідей қозғалтқыш орын тепкен.
Көлемі 5,5 литр болатын қозғалтқыштың 500 ат күшіне тең қуаты бар. Ол отынның екі түрін қолдана алады: бензин және газ. Monte-Carlo Automobile дәл осындай Rascasse көлігінің 15 данасын шығарып, олардың әрқайсысын жарты миллион еуроға сатуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ автоөндіруші Rascasse көлігінің одан да мықтырақ жаңа модификациясын жасауды жоспарлап отырған көрінеді. Болашақ көлік гибридті турбоқозғалтқышты және толық жетекті болады деп күтілуде.
Осыған дейін аталған компания Quadrifuel прототипінің жаңа "төрт түрлі отынды" түрін де жасап шыққан болатын. Ол көлікте бензин, биоэтанол, метан және жай немесе байытылған оттегін қолданатын қозғалтқыш орналасқан еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: news.rambler.ru