Илонның өмірбаянын оқысаңыздар, 24 жасында алғашқы компаниясын құрып, 28 жасында $28 млн ақшасы болған. Он екі жасында 500 долларға өзі жасаған ойынын сатқан. Әйтпесе, мектепте әркімнен таяқ жеп жүретін супер ботаник болыпты.Сөйтіп бұл қандай монстр деп жүргенде, Илонның анасы Мэй Маск (Халдеман) xанымның баласын қалай тәрбиелегені жайлы айтқан мақаланы оқып қалдым. Илонның ата-анасы ажырасқан, бірақ ұрыспай-қырылмай араласып тұрған. 1989 жылы Илонның 18 жасында Мэй xаным Оңтүстік Африка Республикасынан Канадаға көшкенде, балаларын да өзімен ала кетеді. Басында үйде жерге төсейтін кілемі болмай, алғашқы жалақысына кілем алып, одан кейін дереу Илонға компьютер сатып әперген. Анасы 5 жерде жұмыс істеген: балалары тегін оқысын деп Торонто университетіне жұмысқа кірген, модельдерге курстар жүргізген, дұрыс тамақтану бойынша мастер-класс жасаған және диетолог та болған.Анасының айтуынша, ол балаларына ешқашан ақыл айтпаған, керісінше өзі үлгі болуға тырысқан. Балалары анасының оңайлықпен ақша таппайтынын, күні-түні тынбайтынын көріп, Илон және одан кейінгілері де еңбекқор болып өскен. 1995 жылы Илон мен інісі Кимбал Zip2 компаниясын құра бастағанда, анасы балаларының мықты бизнесмен болу идеясын қолдап, қазіргі жұмысын тастап, Силикон Алқабына кетуге көндіреді. Әр 6 апта сайын олардан xабар алып, тіпті бизнес-жоспар жасауына дейін көмектескен. Бір күні инвесторлар үшін түнгі 2-ге дейін балаларымен бірге презентация да жасаған. Сол күні қатты шаршап, Пало-Альто ресторанына барып тамақтанғанда, бұдан былай тамаққа мен төлемеймін деп Мәй xаным кесіп айтады және сол күйі шынымен балалары өсіп жетіліп, анасына есепті төлетпеген.1996 жылы Мэй xаным өзінің жиған-терген бүкіл $10 000 ақшасын балаларының Zip2 компаниясына салады, Илондар ол қаражатты офистің арендасы мен басқа да керек-жарағына жаратады. 1999 жылы 3 жыл өтер-өтпес Zip2 бизнесін Compaq атты софт шығаратын компания $307 млн-ға сатып алады, ондағы Илон Масктың таза пайдасы $22 млн болады. Анасы балаларына өзінің өмірлік қағидаларын миына сіңіріп, қанша көп еңбектенсең, соншалықты жетістікке жетіп, бақытқа кенелесің hәм қартаймайсың деп үйреткен. Илон туралы айтқанда, ол ешқашан яxтаға, қымбат бағалы дүниелерге қызықпаған, өйткені бала кезінде ақшадан көп қиындық көрген, жағдайы нашар болған. Илонның мақсаты - физикадан алған білімін қолданып, бұл өмірді барынша жақсарту.Анасы: Адамдар Илонның арам ойы бар деп ойлайды. Негізі олай емес. Ұлым туралы жұрттың олай ойлайтыны мені қатты ренжітеді. Ол үшін ақша ешқашан маңызды болмаған. Оның бар ойы өз идеяларын жүзеге асыру. Мэй Масктың Инстаграмындағы ең танымал xештегі -#justgettingstarted. Бәрі енді басталады деген жай ғана ұран емес, оның өмірлік философиясына айналып үлгерген. Ана балаларын болашаққа оптимизммен қарауға үйретті, бұл оның балаларына берген ең құнды кеңесі еді.P.S. Осында қаншама ана отыр, бұны жазған себебім Илон Маск аспаннан осындай супермен болып салбырап түсе қойған жоқ. Оның артында бір ананың өмір бойы жасаған еңбегі мен балаға деген мейірімі жатыр. Балаға сәби кезінен, мектеп жасынан инвестиция салсаңыздар, мейлі ол ақша, уақыт, ақыл-кеңес, ең бастысы үлгі көрсетсеңіз, ол түбінде бір жерді жарып шығады. Ал азаннан кешке дейін әлеуметтік желіде болмашы тақырып пен уақытша оқиғаларға комментарий жазып, өсек айтып отырсаңыздар, балаларыңыздың адам болуы қиын...Айта кетерлігі әке тәрбиесі өте маңызды, алайда жоғарыда ананың ғана емес осы мысалмен әкенің де дәл солай тәрбие беруі керек екенін ескергеніміз жөн. Ана - қайнар бұлақ, Әке - асқар тау. Нұрлан Жанай