iPhone 7 алдыңғы нұсқаға қарағанда үлкендеу дисплейге ие болады. Бұл туралы IB Times жазады.
Ғаламтордағы құлақ түрер ақпараттарға сенер болсақ, жаңа iPhone-нан бармақ ізін анықтайтын негізгі батырма мүлдем жоғалады. Одан бөлек алдыңғы панелінде интерфейс бағыттамалары толығымен өзгереді.
Естеріңізге сала кетсек, iPhone 5S шықпас бұрын, бармақты сканерлеу функциясы негізгі батырмадан экранға ауысатыны туралы БАҚ өкілдері жазған болатын. Ол үдеріс жалғасын табар болса, iPhone 7 смартфонында пайда болары анық.
Сонымен қатар, Apple смартфондары келесі ұрпағының экраны Gorilla glass айнасынан да бекем жақұттан жасалынуы мүмкін. Ал оның корпусы «сұйық металмен» қапталады. Себебі iPhone 6 тұтынушылары смартфонның майысқақ болғанын алға тартып, шағым түсірген болатын.
Көптен бері iPhone модельдері 8 мегапиксельді камерамен шектеліп келген. Енді келесі нұсқаның жобасында сапасын 14 мегапиксельге дейін көтеру қамтылыпты. Одан бөлек құрылғы қосалқы проекторға ие болады. Бұл бизнес мамандарының назарын аудару мақсатында ойластырылған болуы керек.
IPhone 7 төртядролы процессорге ие болып, жедел жадысы 256 гигабайтқа дейін өседі. Энергия үнемдеу технологиясының дамуына қарай, жұмыс жасау уақыты да арта түспек.
Сурет: www.idownloadblog.com