iPhone 6s смартфоны әлемдік нарықта сатылымға шыққалы бері неше түрлі краш-тесттен өткізілді. Девайсты майыстырды, суға шөктірді, лава отына лақтырды, кола сусынымен қайнатты, электрлі арамен кесті т.б. Тіпті, химиялық тәжірибеге де төтеп берді. Мобильді өнімнің көрмегені жоқ. Дегенмен, аты әлемге танымал TechRax блогері тағы бір сынақ әдісін ойластырды.
Мобильді құрылғылардың төзімділігін сынауда рекорд орнатқан блогер кезекті тәжірибесіне де алқызыл түсті жаңа iPhone смартфонын қолданған. Блогер алдын ала аппараттың көшірме емес екенін экран алдында дәлелдеп, смартфонның дисплейін жоғары қараған күйде арнайы дайындалған жерге орналастырады. Содан соң оның үстінде мотоциклдің артқы дөңгелегі жоғары жылдамдықта айналады. Үстінен жүргізушінің салмағы түсіп тұрғанын байқаймыз.
Ақылға қонбайтын сынақтан кейін iPhone дисплейі шамалы зақымданғаны көрініп тұр. Смартфон дисплейінің бетіне мотоцикл доңғалағының резинасы жабысып қалған. Дегенмен девайс толығымен жұмыс істеп тұр. Мұнымен, iPhone 6s кезекті сынақтан сүрінбей өтті деуге болады. Смартфонның дисплейін ауыстырса болғаны, жап-жаңа аппарат болып шыға келеді.