Google Street View су асты панорамасын түсірді

Google Street View су асты панорамасын түсірді

Google компаниясы Street View сервисінің аясында қолданушыларға сфералық су асты панорамасын ұсынды. Бұл туралы ұжым блогында хабарланды.

Түсіру жұмыстары Австралиядағы Херон, Леди-Эллиот және Уилсон аралдарында, Гавайдағы Молокини кратері мен Ханаума мүйісінде, Филиппиндегі Апо жанартау аралында жүрді. Компания өкілдерінің айтуынша, фотосуреттердің ауқымы алдағы уақытта кеңейе түседі.

Жоба Google мен Catlin Seaview Survey компаниясының серіктестігінің жемісі. Қос ұжым осылайша маржан рифтері экожүйесінің хал-жағдайын құжатқа түсіріп, қолданушыларға су асты фаунасын көрсетуді мақсат тұтқан. Суретке түсіру кезінде сүңгуірлер 3 фотокамера орнатылған суасты скутерлерін пайдаланды. Құрылғылар әрбір 4 секунд сайын суретке түсіріп отырады. Бұл фотоларды Street View сервисінің сайтынан көрулеріңізге болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: maps.google.com