Google қазақ тілін түсінетін болады

Google қазақ тілін түсінетін болады

Google іздеу жүйесі туралы жазып жүрміз. Бүгінгі әңгімеміз де осы бір әйгілі торап төңірегінде...

Google-да онлайн карталар мен жеке электронды пошта, бейнероликтер тамашалау қызметі мен афишалар бар. Осының ішінен Google Translate функциясына тоқталамыз. Атауынан байқағаныңыздай, бұл функция мәтін бөлігін немесе веб-парақшаны басқа тілге аударып береді. Енді google қазақ тіліне аудару функциясымен толықпақ. Бұл туралы Алматы қаласында өткен  халықаралық түркі тілдес Википедия конференциясында сөз етілді.

Google Translate - Google компаниясының бір тілден екінші тілге мәтінді немесе веб-парақшаны тегін аударып беретін веб-қызметі. Бұған қоса, бұл қызмет бүкіл веб-парақшаны қолданушыға керек тілге аударып беруді қолдап, іздеп жатқан мағлұматты басқа тілден тауып беру функциясымен көзге түседі. Веб-қызмет шет тілінде жазылған мақала немесе ақпараттың жалпы мағынасын түсінуге мүмкіндік бергенімен, әзірге мәтінді түпнұсқадағыдай аударып бере алмайды.

Естеріңізге сала кетсек, Алматыда 20-21 сәуір күндері өткен халықаралық түркі тілдес Википедия конференциясында қазақ тілді контентті дамыту мен оны көбейтудің түрлі жобалары қарастырылған болатын. Дәлірек айтқанда, басты мәселе "Қазақстанның ашық кітапханасы" құрылысы жайлы сөз етілген еді. Бұл жобаның ішіне "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарлама аясында басылымға шыққан барлық кітаптар мен қазақ тілінің аудиохрестоматиясы мен қазақ әдебиетінің толық аудиотекасы кіреді. Бұған қоса, кітапхананың құрамына қазақ тілді сөздік-анықтама құрал енеді. 

Осылайша, Google компаниясы қазақ тілді контенттің дамуына атсалыспақ.

Сурет:mygazeta.com