"Газпром" басшысына 3,68 млн доллар тұратын планшетке тапсырыс берілді

Ресейлік алпауыт "Газпром" компаниясы өзінің басшысы Алексей Миллерге жаңа плашеттік компьютерді алып беру үшін 120 миллион рубльге (3,68 миллион доллар) дейін шығындалуға әзір екен. Қазірдің өзінде газ алпауытының сайтында Миллердің "миы" ретінде қызмет атақаратын, iOS базасында жұмыс жасайтын планшетке тендер жарияланып та қойыпты, деп хабарлайды "Известия" газеті. 

Басылымның жазуынша, "Газпром" компаниясының басшысы қолданатын супер гаджет 3G желісін, GPRS және Wi-Fi технологияларын қолдайтын iPad 2 немесе одан жоғары модельдер болуы тиіс. 

Ал қызметтері бойынша планшет Алексей Миллердің жеке компьютерін толықтай алмастыратындай және 25 объектіні тиімді басқару жөніндегі көрсеткіштерді талдайтын корпоративті сақтау мәліметтерімен жұмыс істейтіндей болуы тиіс. "Газпром" басшысының қоластына 500-ге таяу ұйымдастыру, дайын өнімдер, географиялық және де басқа да тәуліктік, тоқсандық және жылдық көрсеткіштер кіреді.   

Жаңа iPad планшетін жасауға өтінімді компания 31 шілдеге дейін қабылдайды. Ал тендер жеңімпазына бүкіл жұмысты толықтай атқарып шығу үшін 206 күн уақыт берілмек.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: juhuro.com