Америкадағы X-Prize қоры ұзақ өмірдің сырын тапқан ғалымға 10 миллион доллар сыйақы уәде етті. Бұл туралы BBC News хабарлады.
2013 жылдың қыркүйегінде басталатын конкурсқа әлемнің барлық ғалымдары шақырылып отыр. Сайыс ережесі бойынша, зерттеушілер 30 күннің ішінде әлемдегі ұзақ өмір сүрген адамдардың генетикалық кодын тексеріп, қорытынды шығаруы керек. Сонымен қатар әр геннің анализіне қажет қаражат 1 мың доллардан аспауы керек, делінген таратылған ақпаратта.
Ұйымдастырушылар 100 жасқа келген 100 адамның генетикалық материалын алып үлгеріп, дайындап отыр. Генетиктердің айтуынша, ұзақ өмір сүрушілердің рак, жүрек ауруына ұшырамай, аман-сау тірлік қылуы гендерінің ерекшелігіне тікелей байланысты.
Сайысқа қатысуға ниет білдіргендер 2013 жылдың мамыр айына дейін өтініштерін бере алады. Айта кетелік, сайысқа алғаш болып Калифорниядағы Life Technologies корпорациясының бір топ ғалымдары тіркелген. Джонатан Ротбергтің жетекшілігіндегі генетиктер конкурстың адамзат ғылымына тигізер үлесі көп екендігін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
X-Prize қоры бұған дейін де түрлі инновациялық жобаларды қаржыландыруымен көзге түсіп келе жатыр. Аталған қор гендік инженериядан ғарышқа дейінгі ғылым салаларындағы жобаларға қолдау көрсету ниетімен ашылған болатын
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: twitblog.ru