- Негізгі бет
- Шолу
- Ғалымдар сезгіш қасиеті...
Ғалымдар сезгіш қасиеті бар бионикалық қол жасап шығарды
Бұндай жасанды қол алғаш рет даттық Деннис Аобоға бұйырды. Италияда өткен операция барысында хирургтар құрылғыны қолдың жүйке талшықтарымен байланыстырып жалғады.
Аоба осыдан он жыл бұрын пиротехниканы абайсыз қолдануының кесірінен қолының жартысынан айырылып қалған болатын. Жаңа қолға ие болғаннан кейін ол жұмулы көзбен әр түрлі заттардың қаттылығын анықтай алатын дәрежеде болды.
Бұл тәжірибенің нәтижелері Science Translational Medicine журналында жарияланды. Зерттеу жұмыстарына италиялық, швейцариялық және германиялық роботехника мамандары қатысқан.
"Қолы жоқ адамның протез арқылы айналаны сезу қабілетіне алғаш рет қол жеткізіліп отыр", - деді Лозаннадағы Федералдық политехникалық мектептің қызметкері Сильвестро Мичера.
Бұл жердегі жаңалық протездің өзі емес, оған арнайы жасалған адам миына сигнал беретін электрондық құрылғы мен жазылған программа.
Бір топ ғалымдар жасанды қолға ақпаратты оқи алатын арнайы сенсор орнатқан. Компьютерлік алгоритмдер арқылы ғалымдар электрондық сигналдарды адамның жүйкесі түсіне алатын импульстарға айналдыруды үйренді.
Римде жасалған бұл операция кезінде пациенттің қолындағы жүйкесіне төрт электрод орнатқан. Бұл электродтар жасанды қолдың саусақтарындағы сенсорларға жалғанған.
Операциядан кейін Аобо бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болды.
Аоба болса өз сезімдерімен былайша бөліседі: "Мен қолыммен кез келген нәрсені алған кезімде, оған қарамай ақ не нәрсе екендігін тез анықтап отырдым. Мен бұл жасанды қолымды тастай қараңғы бөлмеде де оңай басқара алатынымды байқадым. Бұл өте ыңғайлы. Бұнымен тіпті қолға ұстаған заттың пішінін де оңай анықтауға болады екен".
Бионикалық қол әзірге тәжірибелік үлгі ретінде ғана қалып отыр. Себебі ғалымдар оның зиянды жақтарын да зерттеп көруі керек. Бұл қауіпсіздік үшін керек болып отыр. Сондықтан Аобаға тағылған жасанды қолды дәрігерлер қайта шешіп алды.
Римдегі Агостино Джемелли Университеттік клиникасының қызметкері Паоло Россинидің айтуынша, жасанды қол тірі адамға тағылмастан бұрын өте көп мөлшерде шошқалар мен өлген адамдардың денесімен тәжірибе жасалған екен.
Енді жобалаушылар құрылғыны одан әрі дамытып, артық, ыңғайсыз сымдардан арылудың жолын іздестіріп жатыр. Бұл үшін өте кішкене электродтар жасап шығару керек.
Ғалымдардың пікірінше бионикалық қолды жаппай қолданысқа енгізу үшін әлі кем дегенде он жылдай уақыт қажет болады екен.
Айта кетейік, бұл арзан технология емес. Сондықтан бұл құрылғылар халық арасында қолдануға шығарылса да, оған қол жеткізуге мүмкіндігі бар адамдардың саны көп болмайтыны түсінікті.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: BBC.com
Б. Қосмағамбет