Ford электрлі смарт-велосипед ұсынады

Ford электрлі смарт-велосипед ұсынады
Фото: pantip.com

Тауға шығу спортымен айналысатын адамдар өздері қолданатын велосипедтің жеңіл әрі жылдам, сондай-ақ, қолға ыңғайлы жиналғанын қалайды. Тіпті қала сыртында жүрген кезде де қауіпті жолдарға икемді болуын армандайды. Америкалық Ford авто концерні экстремалдардың арманын орындау мақсатында электрлі смарт-веловипед құрастырды. Бұл туралы Business Insider басылымы жазып отыр.

MoDe:Flex электробайкі жүретін жол бағытының жоспарын, ауа-райының болжамы мен қозғалыс иесінің физикалық белсенділігін анықтау үшін смартфонға қосыла алады. Ал қосымшаның «no sweat mode» (терлемеу тетігі) функциясы велосипед жүргізушісінің жүрек соғысын ескере отырып, жылдамдық тетігін реттейді. Ал егер жүргізуші шаршай бастаса, велосипедтің электрлі қозғалтқышы автоматты түрде іске қосылады.  

Тағы бір артықшылығы велосипед қозғалыстың қауіпсіз болуын қамтамасыз ете алады. Нақтырақ айтар болсақ, велосипедтің алдына қондырылған жарық диодтары мен арнайы тетіктер жолда төнген қауіп туралы алдын ала хабардар етеді. Одан бөлек, велосипедтің қолайлы жиналуын ескерсек, оны кез келген қуаттау нүктесіне қосуға болады.

Айта кетейік, MoDe:Flex – америкалық компанияның смарт-велосипед өндірісіндегі дамытылған үшінші өнімі. Ford инженерлерінің бастауымен жалғасын тауып келе жатқан «Smart Mobility» жобасы транспорттық көліктердің экологиялық таза құрылымға ие болуына бағытталған. 

Ж. Өрісбай