Volkswagen концерні автокөліктерге жаңа қауіпсіздік жүйесі енгізілетін «Vision Zero» жобасын таныстырды. Көліктер смартфоннан берілген бұйрық арқылы өз бетінше тар тұрақтау орындарынан шығып немесе толықтай автоматты режимде жөндеу жұмыстары өтіп жатқан жолдардан өте алады.
Жүргізуші қауіпке уақытында әрекет ете алмаған жағдайда автоматты түрде тежегіш іске қосылатын электронды жүйеден бөлек, «Фольксваген» жүргізушінің көлікті басқаруға шамасы келмеген кезде, басқаруды толықтай өз бақылауына алуға қабілетті жүйені де сериялық түрде шығаруды жоспарлауда.
Айта кетсек, Volkswagen концерні автопилот режиміне де толықтай кіріскен болатын. Осылайша, көлік жолда жүріп бара жатқан кезде электроника автокөлікті өз бетінше басқара алатын болады. Осындай жүйе бар көлік алда кетіп бара жатқан көлікке дейінгі қауіпсіз қашықтықты сақтап, жүргізуші көрсеткен жылдамдықпен қатынап, бұрылыс жақындаған уақытта өз бетінше жылдамдықты бәсеңдетіп, көлікті жолақ ортасында ұстап тұра алады.
Дәл осындай жүйелер Volkswagen концернінің құрамына кіретін Audi маркасының көліктеріне орнатылады. Мәселен, аталған брендтің көліктері жүргізушінің салонда болуын қажет етпейтін автотұрақтауға ие болады. Арнайы сенсорлардың арқасында осы жүйе орнатылған көліктер көп орынды тұрақтан бос орын тауып, тұрақтап, қозғалтқышты өшіріп, есікті құлыптай алатын болады.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: motor.ru