Автокөліктердің танымалдылығы бірінші кезекте зауыттан шыққан экземпляр санымен өлшенеді. Кейбір модельдер осы параметр бойынша чемпион болып есептеледі.
Ең көп сатылған автокөліктер ондығына Жапония, Германия, АҚШ елдерінде шығарылған көліктер кіреді. Бір қызығы, аталған рейтингке аты аңызға айналған Ford Model T көлігі де енген. Бұл авто шығарылған экземплярлар саны бойынша, соңғы 30 жылда шығарылып келе жатқан машиналармен әлі бәсекелес болып келеді.
10. Ford Model T
Саны: шамамен 15,5 млн автокөлік
Шығарылған жылдар: 1908 – 1927 жылдар аралығы
Буын саны: 1
Ford Model T бірінші рекордшы автокөлік. Түрлі жаңалықтарды қолдану бойынша, конвейерде құрастырылған тұңғыш автокөлік болды. Генри Форд енгізіп кеткен бірегейлік пен арзандылық принциптері өз ісін мінсіз атқарып, автокөлік орасан зор тиражбен сатылған еді. Бірақ нақты қандай тиражбен сатылғанын тіпті компанияның өзі білмейтін секілді. Құжат бойынша, 15 484 784 экземплярдың сатылғаны жайлы ақпарат бар, бірақ, Ford T-ға жалпы 15 007 034 қана қозғалтқыш жасалған екен. Ал баспасөзде көбіне 16,5 миллион көліктің сатылғаны жайлы жазылады.
9. Volkswagen Passat
Саны: 14,1 млн аса автокөлік
Шығарылған жылдар: 1973 жылдан бастап
Буын саны: 7
Бастапқыда Passat отбасыға арналған классикалық көлік ретінде жасалған және оның кузовы хетчбэк болыпты. Бұл көлік атауына жел атауы берілген Volkswagen-нің бірінші моделі болды: пассат (өкпе жел) мұхиттардың тропиктік белдеулеріндегі тұрақты ауа ағыстары. Көліктің өндірісі бүкіл әлемде жүрді. Тіпті жапондық Nissan да кезінде дәл осы көліктің екінші буынын құрастырған екен.
8. Nissan Almera
Саны: 15,9 млн аса автокөлік
Шығарылған жылдар: 1966 жылдан бастап
Буын саны: 11
Елімізде Almera атауымен танымал автокөлік, Күншығыс елінде Sunny ретінде кеңінен танымал. Ол, сонымен қатар, Sentra және Pulsar деген атпен де шығарылыпты. Көлік қалаға арналған бюджеттік автокөлік ретінде жасалынған. Бірақ уақыт өткен сайын көлік көлемі жағынан үлкейе түскен және бағасы да арта бастапты. Дей тұрғанмен, көліктің соңғы буыны бағасы жағынан алып қарағанда, бастапқы концепциясына қайта оралған тәрізді – Nissan Almera С класстағы ең қолжетімді седандардың бірі болып есептеледі.
7. Honda Civic
Саны: 17,73 млн аса автокөлік
Шығарылған жылдары: 1972 жылдан бастап
Буын саны: 9
Бұл модель Жапонияда өзіндік бір халық автокөлігі болса керек, ал сосын өзінің драйверлік қасиеттерінің арқасында бүкіл әлемге танымал болды. Көліктің соңғы буыны айтарлықтай ұлғайған, ал сегізінші буын седан және хетчбэк болып бөлінеді. Аталған көлікке қатысты қызықты деректерден мынаны айтып өтуге болады: Honda-ның Бразилиядағы зауытында көліктер тек экспортқа ғана құрастырылыпты, ел ішінде тек 10 жылдан соң ғана, яғни 1992 жылдан бастап сатыла бастаған.
6. Opel Corsa
Саны: 18 млн аса автокөлік
Шығарылған жылдары: 1982 жылдан бастап
Буын саны: 5
Opel Corsa осы ондықтағы ең жас модель болғанына қарамастан, сатылым бойынша орасан зор нәтижеге ие. Мұндай жетістік көліктің түрлі нарықта ұсынылуымен байланысты. Бірақ бұл көлік түрлі атпен белгілі екен. Мәселен, бұл модель Еуропада Opel Corsa, Ұлыбританияда Vauxhall Corsa, 2005 жылға дейін Қытайда Buick Sail ретінде, ал Аустралия мен Жаңа Зеландияда Holden Barina ретінде сатылыпты, жапон сатып алушыларына бұл модель Opel Vita ретінде таныс екен.
5. Ford Escort
Саны: 20 млн жуық автокөлік
Шығарылған жылдары: 1968 – 2002 жылдар аралығы
Буын саны: 6
Escort американдық классикалық автокөліктердің тура қарама-қарсысы болып табылады, бірақ дәл сонымен көпшіліктің көңілінен шығыпты. Шағын, тартымды және күшті қозғалтқыштарының арқасында ол көптеген американдықтардың бірінші көлігі болды. Қазір Ford осы сәтті модельді қайта шығаруды жоспарлауда.
4. Volkswagen Beetle
Саны: 21 529 464 автокөлік
Шығарылған жылдары: 1938 – 2003 жылдар аралығы
Буын саны: 7
Beetle атауы – (қазақ тіліне аударғанда «Қоңыз») осы бір автокөлік үшін өте сәтті таңдалған сияқты. Жалпы рейтингте небәрі төртінші орынды иеленгеніне қарамастан, Volkswagen Beetle сөзсіз рекордшы. Біріншіден, бұл көлік сатылған экземплярлардың 20 миллиондық белесін бағындырған тұңғыш модель. Екіншіден, 65 жыл ішінде кузов дизайні еш өзгеріссіз қалды деуге болады. Алғашқы кузов бойынша жасалынған соңғы Volkswagen Beetle конвейерден 2003 жылы Мексикадан шықты. Шынында, «Қоңыз» әлі де шығарылуда. Бірақ бағасы мен жабдықтандырылуы жағынан қарапайымдарға арналмаған толықтай жаңа модель 1997 жылдан бастап шығарыла бастады және қазіргі таңда оның 3 буыны бар.
3 Volkswagen Golf
Саны: 30 млн астам автокөлік
Шығарылған жылдары: 1974 жылдан бастап
Буын саны: 7
Бұл автокөліктің сәтті болуы оның атымен толық бір класстың аталуында. «Гольф» түсінігі 80-жылдардың орта тұсынан бастап барлық дерлік шағын хетчбэктерге қолданыла бастады. Жетінші буынның шығуымен ол ұмытылып кеткен танымалдылықты өзіне қайта қайтаруда. Бұған бүкіл әлемнің экономды қозғалтқыштарға бет бұруы өз септігін тигізуде.
2 Ford F-series
Саны: 34 млн астам автокөлік
Шығарылған жылдары: 1948 жылдан бастап
Буын саны: 12
Ford F-series–тің Солтүстік Америкадан басқа еш жерде сатылмайдығына қарамастан, американдықтардың қуатты пикапға деген сүйіспеншілігі аталған көліктің рейтингте екінші орынға табан тіреуіне айтарлықтай көмегін тигізді. Жыл сайын компания осы модельдің түрлі модификациясындағы автокөліктердің бір миллион данасын сатады, яғни әр 30 секунд сайын АҚШ-та, Канадада немесе Мексикада бір F-series сатылады деген сөз.
1.Toyota Corolla
Саны: 40,01 млн автокөлік
Шығарылған жылдары: 1966 жылдан бастап
Буын саны: 11
Әлемде ең көп сатылатын автокөлік алғаш рет конвейерден 1966 жылы шықты. Жапондық инженерлер практикада жаңа концепцияны қолдануға бел буады. Нәтижесінде өзіне стиль мен қымбат маркалы көліктердің күшін сыйыстыратын шағын автокөлік пайда болды. Концепцияның сәтті болғаны соншалық, Toyota Corolla өзінің 50 жылдық мерейтойына дейін көшбасшы болып қала беретін секілді.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: a2goos.com, carwallpapers.ru, goods-direct.ru, aif.ru,