Шанхайда 632 метрлік көп қабатты үйдің соңғы бөренесі қойылды. Бұл жайында жобаға басшылық еткен «Gensler» компаниясы хабарлайды.
«Шанхай мұнарасы» әлемдегі ең биік Бурдж Халифадан кейінгі екінші орында тұр. Жаңа ғимарат 2014 жылы ашылады деп күтілуде. Оның ішінде кеңселер мен қонақ үй бөлімшелері орналасатын болады. Тұрғындардың ғимараттың төбесіне шығып қаланың барлық бөлігін бақылау мүмкіндігі бар, ал төменгі бөлігі арқылы Шанхай метросына кіре алады. Мұнымен қатар, көліктерге арналған тұрақтар салынған.
Зеңгір үй бір-біріне кірігіп орналасқан 9 бөліктен тұрады. Сыртқы бөлігі 120 градуста қиғаш етіп орналасқандықтан сырт көзге бұралып тұрғандай әсер береді. Жан-жағы әсем бақтармен безендірілген. Және ішінде Mitsubishi компаниясы құрастырған ең жылдам жеделсаты жұмыс жасайтын болады. Ол келушілерді секундына 18 метр жылдамдықпен тасымалдайды.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: www.novate.ru