2019 жылы елімізде 50 447 көлік құрастырылған. Оның ішіне жеңіл, жүк көлігі, автобус, арнайы көліктер мен тіркеме көліктер де енген. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 55,8%-ға артқан.
Қазақстандық авто өнеркәсібі кәсіпорындары одағының мәліметінше, жеңіл көлік өндірісі 46,8%-ға артып, 44 077-ке жеткен. Автобус саны - 1 076 (2,6 есеге), жүк көліктері - 4 247 (3,4 есе), тіркеме көліктер - 860 (2 есе) артса, арнайы көліктер керісінде 227-ден 187-ге дейін азайған.
Зауыттан жасап шығарылған көліктердің 44,3 мыңы өз иелерін тапқан. Бұл өткен жылға қарағанда 48%-ға артық көрсеткіш. Ал нарықтағы көліктердің 60% Қазақстанда жасалған көліктерге тиесілі. Ал оны сатып алуға еліміздің тұрғындары 311 миллиард теңгесін жұмсаған.
Көліктерді құрастыру мен оны сатудан "АЗИЯ АВТО" АҚ көш басында тұр. Олар 21,2 мың көлік сатқан. Екінші орынға 20,2 көлік сатқан "СарыарқаАвтоПром" ЖШС жайғасты. Одан кейін тізім мына ретпен жасалды: "СемАЗ" ЖШС (1,5 мың көлік; 3,4%), "КАМАЗ-Инжиниринг" АҚ (0,8 мың көлік; 1,9%), "Hyundai Trans Auto" ЖШС (0,4 мың көлік; 0,9%) және "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС (0,1 мың көлік; 0,4%).
Ал жеке көліктердің ішінде көш басына Lada маркасы жайғасты. Қазақстандықтар Ресей көлігінің 15,1 мың данасын сатып алған. Одан кейін Hyundai (14,9 мың дана), KIA (3,7 мың дана), Ravon (2,9 мың дана) және Skoda (1,1 мың дана) орналасты. Оның ішінде Lada Granta (5,03 мың дана), Hyundai Tucson (4,8 мың дана), Lada Vesta (3,7 мың дана), Lada 4x4 (3, 7 мың дана) және Hyundai Accent (3,5 мың дана) көліктері сұранысқа ие болған.